Табиғи апаттардан қауіп артты
Табиғат апаттарынан төнген қауіп артты.
Әлем елдерінің бірін топан су басып, халық мазасыз күй кешсе, енді бірінде тұрғындар лаулаған оттан баспаналарын тастап, көшуге мәжбүр. Егістік алқаптары жойылып, мыңдаған үйге зақым келуде.
Швейцарияда толассыз жаңбырдан кейін таулы аймақтардағы елді мекендерді топан су басты. Тасқыннан үйлер қирап, көліктер суға кеткен. Қатты ағынға шыдас бермей опырылып түскен тас жолдар көп. Қазір табиғат апатының салдарымен күрес жүріп жатыр. Жұрт тосыннан келген табиғи апаттан қатты зардап шеккендерін айтады.
Қытайда тасқыннан мыңдаған адам көшірілді
Қытай халқы да қазір тасқын зардабын тартып жатыр. Ағын су егістік алқаптарды шайып, үйлерді басып қалған. Осындай ахуалға байланысты елдің шығысындағы бірнеше провинцияда қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Жұрт жаппай қауіпсіз аудандарға көшіріліп жатыр. Жергілікті метеорология қызметінің болжамы бойынша елдің бірқатар өңірінде алдағы екі апта бойы тоқтаусыз жаңбыр жауады. Сондықтан билік өкілдері тұрғындарды мейлінше сақ болуға шақырып жатыр.
Могадишо көшелері көлге айналды
Сомали астанасы Могадишоны су басты. Толассыз жаңбырдан қала көшелері көлге айналған. Соның салдарынан тұрғындардың жүріп тұруы қиындады. Инфрақұрылымға да айтарлықтай зақым келді. Жүздеген үй мен көлік бүлінген. Әзірге табиғи апаттан қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Келтірілген залал көлемі туралы да ақпар жоқ. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Сомали астанасында жылдан жылға су тасқыны жиілеп барады. Оған жаһандық жылыну себеп дейді мамандар.
АҚШ-та орман өртеніп жатыр
АҚШ-тың Калифорния штатында керісінше күн күрт ысып ну орамндар өртеніп жатыр. Қызыл жалын осы уақытқа дейін 5 мың гектар алқапты шарпып үлгірген. Қауіпті аймақта орналасқан елді мекендерден мыңдаған адам, шұғыл түрде эвакуацияланды. Өрт сөндірушілер жел мен құрғақ ауа райының кесірінен тілсіз жауды ауыздықтай алмай жатыр. Бүгінге дейін лаулаған оттың тек 2 пайызы ғана бақылауға алынған.