Ыстамбұл таксилеріне «SOS» дабылы орнатылады

Қара жолдың бойында түрлі оқиғалар да болып жатады.

АҚШ-та такси жүргізушілері жыл сайын көлігіне отырған 3 мыңнан астам жолаушыға қоқан-лоқы жасайды екен. Бұл халықаралық Uber компаниясының мәліметі. Өкінішке қарай, таксиге мінген жолаушының қауіпсіз болуына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан сіз айтқан АҚШ-та нәзік жандардың жартысы тапсырыс бергенде жүргізушінің әйел адам болғанын өтінеді екен.

Бірақ шабуылдан жолаушылар ғана емес, сондай-ақ такси жүргізушілері де жапа шегеді. Жалпы жаһанда такси қызметіне қатысты түйткіл көп.

15 миллионнан астам адам тұратын Ыстамбұлда кейінгі кездері такси жүргізушілеріне шабуыл күшейді. Осыған байланысты шаһар әкімшілігі «SOS» батырмасын енгізу бастамасын қолға алған. Төтенше жағдай тетігін орнату нұсқауы Ыстамбұлдағы барлық 153 ауданның әкімшілігі мен полиция бөлімшелеріне таратылды. «SOS» батырмасын басқанда дабыл жақын маңдағы полиция бөлімшесіне автоматты түрде жетеді. Қауіпсіздік жобасы 1 ай бойы сынақтан өткізілмек. Тиімділігін толық дәлелдеген жағдайда бұл тәжірибе елдің барлық ірі қаласына енгізілуі мүмкін.

Гонконг халқының 45%-ы таксиге наразы   

7 жарым миллионға жуық халқы бар Гонконг тұрғындарының 45 пайызы дәстүрлі такси қызметіне наразы. Ал 95 пайызы керісінше онлайн тапсырыс бергенді ұнатады. Сауалнаманы аймақтағы Жастар ұйымы жүргізген. Белсенділер үкіметтен онлайн такси қызметін заңдастыруды сұрап отыр. Бұл бастаманы жастардың 70 пайызы қолдайды екен. Онлайн тапсырыс жүйесінде артық ақша алған, төте жолды таңдамаған және жүруден бас тартып, 15-тен артық теріс пікір алған жүргізушілерге 2 жылға дейін такси жүргізуге тыйым салу талабы бар.

Римде такси тапшы

Әлемдегі ең ірі туристік орталықтың бірі –  Римде такси жетіспейді. Жолаушылар кәдімгідей ұзын сонар кезекте тұрады. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Италия астанасында жыл сайын телефон арқылы такси шақыртқан 1 млн 300 мың тапсырыс орындалмай қалады екен. Билік бұл мәселені шешуге тырысып әлек. Үкімет такси қызметіне берілетін лицензия көлемін 20 пайызға арттыруға шешім қабылдаған. Бірақ бұған бұрыннан бар таксопарктердің лоббиі үлкен кедергі келтіріп жатыр.

Роберто Гуальтьери, Рим мэрі:
- 2025 жылы Рим қаласы үшін мерейтой жылы болмақ. Соған дейін такси қызметіне арналған 1 мың жаңа лицензия беруді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы Италия астанасына миллиондаған тәу етушілер мен туристер ағылады деп күтіп отырмыз.

Александриядағы кітапхана-такси

Мысырлық жүргізуші кісі тасып, ақша табуды ғана емес, сонымен бірге адамдардың рухани деңгейін көтеруді де ойлап жүр. Жерорта теңізінің жағасындағы Александрия қаласында 44 жастағы Мұхаммед Аззам кітап-такси қызметін қолға алды. Оның көлігіне мінген жолаушылар бос отырмай, қалаған кітабының бірнеше бетін оқуға мүмкіндік алады. Егер кітапты ұнатса, арзан бағаға сатып алады. Бір қуантарлығы, белсенді жігіт «Сұраныс өте жоғары» дейді. Оның кітаптарының көбейгені сонша, олар үйіне сыймай, 2 шағын қойма жалдап алған.

Мұхаммед Аззам, такси жүргізушісі:
- Кейінгі кезде, әсіресе интернет пайда болып, гаджеттер көбейгелі адамдар кітап оқуды қойды. Бірақ таксиде телефон шұқылап, арзан дүниелер көріп отыратындардың көп екендігін байқадым. "Кітап-такси" қызметін өзім тұратын қалада ғана емес, бүкіл Мысыр бойынша таратсам деймін.

Жалпы такси жүргізу - қауіпті ғана емес, қызықты әрі қадірлі мамандық. Такси жүргізушілері көлікте келе жатып, кенеттен толғағы қысқан қаншама жүкті әйел мен аяқ астынан ауырған жолаушыны ауруханаға дер кезінде жеткізді дерсіз. Такси жүргізушісі - әңгімешіл, барлық мәселеден хабардар адамдар.