Әлемді әбігерге салған аптап
Жаз басталғалы әлемнің біраз аймағында да аптап орнап, тұрғындар әбігерге түсіп жатыр.
Үндістанда ми қайнатар ыстықтан маусым айының басынан бері 58 адам қайтыс болған. 20 миллион халқы бар Нью-Делиде су жетпей жатыр. Әсіресе кедей аудандардың тұрғындарына қиын соғуда. Өйткені оларда оны сатып алатындай мүмкіндік жоқ. Еуропада да күн ысыған.
Үндістан
Үндістан астанасында бірнеше аптадан бері күн қатты ысып тұр.
Салдарынан шаһарда ауыз су жетіспей, миллиондаған адам тіршілік нәрінен тарығып отыр. Ақшасы бар азаматтар аптаптан желдеткіштерді қосып қорғанса, кедей аудандардың тұрындарына ауыр тиюде. Олар тіпті ауыз суға жарымай отыр. Сондықтан қалалық өңірдің су ресурстары министрі аштық жариялады. 20 миллион халқы бар шаһарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін ДжАмна өзенінің деңгейі күрт төмендеп кеткен.
Атиши Марлена, Нью-Делидің Су ресурстары министрі:
- Қалада қазір 2 миллион 800 мың адам бір тамшы суға жарымай отыр. Бұған көрші Харьяна штатының фермерлері кінәлі. Олар егіс алқаптарын суаруды ойлайды. Ал кедей аудандарда тұратын халықтың жағдайына бас қатырып жатқан жоқ. Жағдай өзгермейінше, мен тамақ ішпеймін.
Пәкістан
Үндістанмен көршілес Пәкістанда да күн шыжып тұр.
Елдің ірі шаһары – Карачиде температура 41 градусқа дейін жеткен. Мұнда ауаның ылғалдылығы жоғары. Сондықтан температура 48-50 градус секілді сезіледі. Ал Синд провинциясында көрсеткіш 52 градустан асқан.
Мұхаммад Зешан, Карачи тұрғыны:
- Энергетикалық жүйе күннің ыстығына шыдас бермей, жарықты өшіру оқиғалары жиілеп кетті. Тұрғындар қатты қиналып жатыр. Бұл климаттың өзгеруінің салдары деп ойлаймын. Өйткені қазір Еуропалықтар да осындай жағдайға тап болған. Бірақ онда билік халықтың қиналмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ал бізде жұртты ойлап жатқан ешкім жоқ.
Еуропа
Еуропада да күн ыстық. Салдарынан Грекияда 6 турист көз жұмды.
Ал Испанияның оңтүстігіндегі Кордова қаласында ауа температурасы 39 градусқа жеткен. Бұл саяхатшылар көп келетін қаланың бірі. Сондықтан кәсіпкерлер аптап ыстық туризмге кесірін тигізе ме деп алаңдаулы.
Антонио Орельяна, даяшы:
- Жазда қалада температура 45 градусқа дейін жетеді. Біз оған үйреніп қалғанбыз. Тәулік бойы жұмыс істей береміз. Ал сырттан келген демалушыларға қиындау. Олар мынадай ми қайнатар ыстыққа шыдай алмай жатыр.
АҚШ
Ал Вашингтонда ауа температурасы 37 грудастан асты.
Бұл 2016-жылдан бері болмаған жағдай. Қазір АҚШ-тың шығыс жағалауы аптап ыстыққа дайындалып жатыр. Мұнда 100 миллион тұрғынға ескерту жасалды. Мамандар Филадельфия жұртын сақ болуға шақырады. Алдағы күндері мұнда температура 41 градусқа дейін жетеді деген болжам бар.
Жұлдыз Атагельдиева, 24.KZ