Жылыту маусымы. Өзбекстандағы өзекті мәселе
Көршілес өзбек елі де қыс мезгіліне дайындықты күшейтпек. Ол үшін ел билігі бюджеттен қосымша 14 триллион сом бөлуді жоспарлап отыр.
Бұл қаржыға ескірген электр желілері жаңарып, трансформаторлар жөнделеді. Одан бөлек энергия ресурстарын тиімді пайдалану мен жылу-электр орталықтарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етпекші екен.
Ташкенттегі тілшіміз Рауан Мыңбаев қазір бізбен тікелей байланыста. Рауан қайырлы күн! Өзбек ағайынның қысқа дайындығы жайлы кеңінен айтып берсеңіз.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстан билігі биыл қысқа дайындығын инфрақұрылымы тозған махаллялардан бастап, 30 мың шақырым электр желісі мен ондағы 10 мың трансформаторды жаңаламақ. Бұл жайлы таяуда ел президенті өткізген бейнеселекторлық жиында мәлім болды.
Көршіміз энергия ресурстарын қатаң үнемдеу режимін де іске қосқан. Мақсат – бұған дейінгі жылдарда болған жаппай блэкаут пен жарықтың жиі сөнуі және көгілдір отынның тапшылығы сынды мәселелерді болдырмау. Жаңадан салынып жатқан нысандар мен ғимарттар құрылысына осы жайт маңызды талап ретінде енгізіліп отыр. Ал қолданыстағы 1 мыңға жуық әлеуметтік мекеме энерготиімділік ережелері бойынша қайта жөнделеді. Тағы бір ерекшелік, Шавкат Мирзиёев қарамағындағы сала жетекшілері мен хокимдерді электр энергиясы және газды үнемдеу көрсеткіші бойынша бағалайды.
Яғни кім көбірек үнемдесе, сол озық шығады деген сөз. Ол әр облыстағы бір ауданда пилоттық жобаны іске қосуды ұсынып отыр. Онда шамамен 750 млн киливатт электр қуаты мен 550 млн текше метр газ үнемделуі қажет. Сосын сол тәжірибе басқа да өңірлерге енгізіледі. Бұл ретте халық жарық не көгілдір отынсыз қалмауы керек.
Энергия үнемдеу, керісінше, тиімді технологияларды көбірек енгізу арқылы жүзеге асырылуға тиіс, - дейді жауаптылар.
Өзбекстандағы ірі кәсіпорындарға келсек, олардың әрбірі 3 жыл сайын энергияны пайдалануға қатысты аудит жүргізіп тұруға міндеттеледі. Егер сол аралықта тұтынған электр қуаты мен газ мөлшері шамадан тым көп болса, тариф қымбаттайды. Жаңа ережені қазір нормативтік құқықтық актіге айналдыру ісі жүріп жатыр.
Жалпы республикада 39 мыңға жуық көпқабатты үй бар. Оны күтіп-ұстайтын мекемелерге осы күні түрлі жеңілдік әрі несие беріліп, қордаланған мәселелерін кезең-кезеңімен реттеу мүмкіндігі ұсынылды.
Ал жеке секторда мұндай түйткілдермен жергілікті махаллялар комитеті айналысып, жаңартылуы тиіс жұмыстарды арнайы бағдарламаға тізбектейді. Сосын оған бюджет есебінен қосымша қаржы аударылады. Еске салайық былтыр Өзбекстан өңірлерінде жарықтың сөнуіне байланысты 250 апатты жағдай тіркелген еді.