Лондон әлемнің қаржы орталығы болмай қалуы мүмкін
Биыл Ұлыбританиядан мыңдаған миллионер ел асып кетуі ықтимал.
Блумберг агенттігінің сауалнамасына қатысқан бай адамдардың көбісі көші-қон жоспарлары туралы осындай пікір білдіргенін хабарлады.
Сарапшылар ауқатты адамдардың Корольдіктен жаппай кетуге талпынысын 4 шілдеде өтетін парламенттік сайлаумен байланыстырады.
Биыл Ұлыбританиядан 9 жарым мыңға жуық миллионер шекара асуы мүмкін. Бұл Қытайдан кейінгі ең жоғары көрсеткіш - дейді консалтингтік компания сарапшылары.
Олар дәулетті адамдардың жаппай өзге елдерге қоныс аудармақ ниетін Тұманды Альбиондағы саяси және экономикалық жағдаймен байланыстырады. Елдегі жоғары салықтық төлемдер мен оқу орындарында білім алудың тым қымбат болуы да миллионерлердің көңілінен шықпаған.
Ханна Уайт, Лондондағы Үкімет институтының атқарушы директоры:
- Елден бай адамдардың кетуіне көп фактор әсер етіп отыр. Әсіресе парламенттік сайлау қарсаңында түрлі саяси шешімдердің ықпалы зор. Лондон қаласы енді әлемнің қаржы орталығы ретінде қарастыруға келмейтін шығар.
Алдын ала жүргізілген сауалнамаға сәйкес, дауыс берушілердің 20%-ы билеуші консерваторларға қарағанда оппозициялық Лейбористік партияны жақтап отыр. Бірақ дәл осы лейбористер тұрмысы жақсы тұрғындарға салықты әлі де көтеруді ұсынып отыр. Торилер осы мәселеге назар аударып, ұпай жинауға тырысып бағуда.
Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-министрі:
- Біз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, зейнеткерлер мен отбасылар үшін салықты азайтуды жоспарлап отырмыз. Ал Лейбористік партия салықтың өсетінін анық атап өтті. Кей дереккөздер олар жеңіске жетсе, салық ауыртпалығы тарихта болмаған ең жоғары деңгейге дейін көтерілетінін жарыса жазып жатыр.
Бұған дейін Ұлыбритания әлемдегі ең бай адамдардың тұрғылықты жері саналып келген. Алайда Брексит елге көп өзгеріс әкелді. Корольдіктің Еуропалық Одақтан шығуы Ұлыбритания мен Еуропалық Одақтың еркін қатынасын тоқтатты. Екіжақты сауда-саттықта кедергі көбейді. Сарапшылар болса британиялық миллионерлер үшін енді Біріккен Араб Әмірліктері танымал бағытқа айналғанын айтады. Биыл бұл мемлекет 7 мыңға жуық ауқатты адамды қабылдауға ниетті.
Әсия Нұрлыбаева, Жанна Хусаинова, 24.KZ