Дубайда «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелі іске қосылды
Әлемде әр 24 секунд сайын бір адам жол қозғалысы ережесінің бұзылу салдарынан көз жұмады, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, жыл сайын 1 млн 300 мың жаяу жүргінші жол-көлік апатының құрбаны болады екен. Сарапшылар мәселені жол инфрақұрылымының кенже қалуы және жұрттың жол ережесін сақтамауымен байланыстырады. Дубайда жолдағы тәртіпті қадағалап, жаяу жүргіншілердің қозғалысын бақылайтын технология іске қосылды. АҚШ-та да жол қауіпсіздігіне қарсы жаңа заң қолданысқа енгізілмек.
Сарапшылар жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін инфрақұрылымға аса мән беру керектігін айтыпты. Бұл ретте қай мемлекеттің тәжірибесін ескерген жөн?
Әлемдегі ең қауіпсіз жол инфрақұрылымы Нидерландта. Өйткені онда жол ережелері қатаң сақталады. Қала ішінде жылдамдықты сағатына 30 шақырымнан асыруға болмайды.
АҚШ жолдағы қауіпсіздікті күшейту қамына кірісті
Әлемдегі жол инфрақұрылымы жақсы дамыған тағы бір ел – Америка Құрама Штаттары. Мұнда 2030 жылға қарай барлық жеңіл көліктер автоматты тежеу жүйесімен жабдықталады. Бұл жолдағы қауіпсіздікті күшейту үшін жасалып отыр. «Осының арқасында жылына жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға болады», - дейді осы елдің Көлік министрі. Кейінгі жылдары АҚШ-та жол апаты жиілеп кеткен. Мысалы, 2019 жылдан бері 2 миллионнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
АҚШ-та тасжолдарға салқындатқыш технология орнатыла бастады
Америкалықтар тасжол үстіне «ретрорефлектор» деп аталатын салқындатқыш технология төсеп жатыр. Ол жолдың температурасын 20°C дейін төмендете алады. Инновация күн сәулесін шағылыстыратын материалдан жасалған. Тың технологияны алдағы уақытта аптап ыстықтан қорғану үшін жаяу жүргіншілер жолы мен ғимараттардың қабырғасына да орнату көзделіп отыр.
Дубайда «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелі іске қосылды
Дубайда ақылды жаяу жүргіншілер өткелдері іске қосылды. Ол жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Бағдаршамның жұмысын автоматты түрде реттейтін сенсорлармен жабдықталған. Сондай-ақ жол ережелерін бұзушыларды бақылау мүмкіндігіне ие. Технология жаяу жүргіншілердің кінәсінен туындайтын апаттардың санын азайтуға және қаланы барынша қауіпсіз етуге көмектеседі. Мұндай инновация Дубайдан басқа Сингапур, Шанхай және Лондон сияқты әлемнің басқа қалаларында да қолданылады.
Жол қауіпсіздігін сақтаудағы тың технология
Әлемнің көп елінде Connected Vehicle технологиясы қолданылады. Бұл – көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің өзара ақпарат алмасуына мүмкіндік беретін байланыс жүйесі. Тасжол инфрақұрылымында орнатылған сенсор, камера және құрылғы желісі арқылы жұмыс істейді. Ол көліктің орналасқан жері, жылдамдығы, бағыты және қозғалысқа қатысты басқа да деректерді жинақтап, көліктерге жібереді. Осы арқылы жол қауіпсіздігін арттырып, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Технология Австралия, АҚШ, Жапония, Сингапур, Қытай және Еуроодақ елдерінде қолданылады.
Ең ерекше тасжол Қытайда орналасқан
Сөз соңында әлемдегі ең әдемі жол жайлы ақпарат ұсынайық. Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы Душанцзы-Кук трассасы әлемнің ең көрікті жолы саналады. Тянь-Шань тауы, Гоби шөлі және Жоңғар жазығын кесіп өтетін жол Қытайдың Іле, Шыңжаң өңірлері арқылы солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған. Ұзындығы 561 шақырымды құрайды. Оның 100 шақырымдай бөлігі биік таулы жерде салынған және 300-ден астам күрделі бұрылысы бар. Табиғаты әсем жерлерді кесіп өтетін осы бір тасжолды тамашалау үшін жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келеді екен. Биыл бұл жолда қозғалыс маусым айынан басталды.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева