АҚШ-та салқындатқыш жолдар пайда болды
Аптаптан сақтануға әр ел өзінше қамданып жатыр.
Мұндағы басты құрал - салқындатқыштар екені анық. Бірақ олардың мүмкіндігін барлық ел бірдей қолдана алмай жатыр.
АҚШ-та салқындатудың ерекше әдісі табылды. Мамандар жолдың бетіне арнаулы ақ жайма төседі. Ол күн сәулесін жұтып, асфальттың ысуына жол бермейді. Мамандар осылайша жоғары температураны 12 градусқа дейін төмендетуге болады дейді. Әзірге бұл әдіс Лос-Анджелес пен Финикс қалаларында сынақтан өткізіліп жатыр.
Нью-Йоркте қоғамдық салқындату орындары ашылды
Ал Нью-Йоркте қоғамдық салқындату орындары ашылды. Бұлар арнаулы бөлмелер немесе шағын қондырғылар. Негізінен кітапхана, дәмхана сияқты адам көп жиналатын, ұзақ отыратын жерлерге орнатылған. Мұнда үй жануарымен бірге келуге болады. Бұдан бөлек, қалада субұрқақтар тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Эрик Адамс, Нью-Йорк мэрі:
- Аптап ыстық адамды жай әурелеп қана қоймай, тіпті дұрыстап қамданбасаңыз өміріңізге үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан біз салқындатқыш жүйелер санын көбейттік. Жағажайлар таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін ашық тұрады.
Дубайда аялдамаларға ауабаптағыштар орнатылды
Дубайда автобус аялдамаларына ауабаптағыштар орнатылды. Олар ауа температурасын 18 градус деңгейінде ұстап тұра алады. Біріккен Араб Әмірлігі ел бойынша осындай бірнеше жүздеген құрал қоюды жоспарлап отыр екен.
Меккеде салқындатқыштан көмек болмады
Биылғы қажылық нағыз сынақ болды. Сауд Арабиясында күндіз температура бағаны 51, ал түнде 40 градустан асқан. Исламның бесінші парызын өтеушілер үлкен кеңістіктен көлеңке таппай қиналды. Саудия билігі қажылық қарсаңында тәу етушілерге барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген еді. Үкімет ыстықтан қорғану үшін Меккеден Арафат тауына дейін жүздеген су тұманын орнатты. 10 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолына 750 су бағаны қойылған. Күндізгі ғибадат пен қажылық рәсімдерді орындау кезінде олар жан-жақтан су шашып, салқындатып тұрды. Бірақ өкінішке қарай қажылық кезінде 1 301 адам бақилық болған.
Азиз Хан, Пәкістан азаматы:
- Аптап ыстықта қажылық парыздарын өтеу оңай емес. Көлеңке таппай қиналасың. Әрі адам өте көп. Қолшатырды бүкіл жерде ұстай алмайсың.
Спортшылар салқындатқыш қолғап киеді
Биыл Париж Олимпиадасына қатысатын спортшыларға да қиын соғатын сияқты. Өйткені зиянды ауа қалдығын азайтамыз деген желеумен ұйымдастырушылар ғимаратттарда ауабаптағыштарды қолдануға тыйым салды. Бірақ ғалымдар қарап жатқан жоқ. Олар спортшылар үшін салқындатқыш құрал іздеп әлек. АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің зерттеушілері спортшының бойындағы қайнаған қанды суытатын қолғап ойлап тапты. Оны жарыс пен жаттығулар кезіндегі үзілісте киюге болады.
Крейг Хеллер, профессор:
- Қолғаптың ішінде мұздай су құйылған термос бар. Онда адам денесіне әсер ететін арнаулы нәзік түтіктер бар. Олар тамырларға жанасып, қанды суытады. Салқындатылған қан қайта айналып жүрекке барады.
Аптап ыстықпен күресте технологияларды пайдалану - өте тиімді. Өйткені сарапшылар климаттың өзгеруі мен ғаламдық жылынуға қарсы тұру енді қиынға соғады дейді. Мәселен, 2100 жылға қарай адам үшін 29 градус қалыпты жағдайға айналуы мүмкін.