Корей әйелдері күнге шығудан қорқады
Корей әйелдері неге көрікті? Қалай күтінеді? Күннің ыстығында қайтіп жүреді?
Оның бір себебі мұндағы бикештер күнге шықпауға тырысады екен. Өйткені Оңтүстік Кореяда жаз ең қауіпті кезең болып саналады. Тұрғындар әсіресе маусым-тамыз айларында сақтанып жүреді.
Күннен қорғайтын крем - Оңтүстік Кореядағы ең танымал косметикалық өнім. Елу жастағы Ким Ын Гон оны мектеп кезінен қолданады. Соның арқасында әйелдің беті мінсіз аппақ, өз жасынан әлдеқайда жас көрінеді.
Ким Ын Гон, Хвасон қаласының тұрғыны:
- Күн сәулесі теріні зақымдап, қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Осы себепті күннен қорғайтын кремдер Оңтүстік Кореяда шамамен 20 жыл бұрын кеңінен қолданыла бастады. Теріні сақтап, оның қартаюына жол бермеу үшін осындай кремдерді пайдаланған жөн. Мен оны бетіме таңертең тұрған соң жағып, тек ұйықтар алдында тазалап тастаймын.
Оңтүстік кореялықтар күнге күйіп қалмас үшін жағажайларда демалғанда да денесінің барлық бөлігін жауып жүруге тырысады. Өйткені бұл елде беттің қарайып, тотығып кетуі адамның қартайғанын немесе өзіне қарап, күтінбейтіндігінің белгісі саналады.
Жазда далада жұмыс істейтіндерге қиын. Олар күн сәулесінен денелерін жауып жүруге тырысады. Тіпті осындай жеңіл костюм киеді. Ал бетті мынандай маска киіп, көзілдірікпен қорғауға болады.
Дерматологтар да күн сәулесінің теріге зиянды екенін растайды. Олардың айтуынша, тотығудан бетте сепкіл мен әжім пайда болып қана қоймай, онологиялық ауруды да тудыруы мүмкін.
Сон Дже Ён, дерматологиялық емхана директоры:
- Шығыс адамдарының бетінде, оның ішінде корейлер де бар, ультракүлгін сәулелердің әсерінен қара дақтар, мелазма және сепкілдер тез пайда болады. Өйткені күн сәулесінің әсерінен олардың терісі қызарып, арнайы қорғаныш қабығы бұзылады. Сондықтан бетіңізді мүмкіндігінше жауып жүру керек.
Бұл елде Денсаулық сақтау министрлігі де тұрғындарға күннен сақтану қажеттігін ескертіп отырады. Тіпті ультракүлгін сәулелердің арнайы көрсеткіші де бар. Ол ауа райы болжамымен бірге күн сайын жарияланып, қай өңірде жоғары екені хабарланып тұрады. Мамырдан тамыз айына дейінгі аралық ең қауіпті мезгіл саналады. Оңтүстік кореялықтар әдетте дәл осы айларда демалысқа шығады. Бірақ оны күн аса ыстық болмайтын елдерде өткізуге тырысады.
Автолары: Владислав Цой, Ольга Лян