Вьетнамдағы қуаңшылықтан кофе қымбаттады
Испанияда 1-ші шілдеден бастап зәйтүн майына салынатын қосымша құн салығы алынып тасталады.
Өйткені өнімнің бағасы айтарлықтай өсті. Майдың әлемдік өндірісінің 45 пайызы осы елдің үлесіне тиесілі. Какао да қымбаттады. Бір жылда оның құны 3 есе өскен. Бәріне климаттың өзгеруі себеп дейді сарапшылар.
Вьетнам - кофені ең көп өндіруші елдің бірі. Бразилиядан кейін әлемде екінші орында тұр. Бірақ биыл мұнда өнім аз жиналды. Бәріне қуаңшылық себеп. Су тапшылығы аздай, күннің ыстығынан зиянкестер көбейген. Салдарынан кофе бағасы күрт өсіп кетті. Әсіресе робуста сұрпы қатты қымбаттап, 45 жылғы бұрынғы деңгейге жетті.
Нгуен Ху Лонг, Вьетнам кофе академиясының негізін қалаушы:
- Жыл сайын сәуірде жаңбыр жауатын. Биыл олай болмады. Тіпті мамырда да бір тамшы жауған жоқ. Содан өнімді аз жинап жатырмыз. Әдетте кофеде екі дән болады. Су тапшылығынан биыл соның біреуі ғана шыққан.
Испанияда зәйтүн майы өндірісі қысқарды
Зәйтүн майын ірі өндіруші елдің бірі саналатын Испания да құрғақшылықтан зардап шегіп отыр. Елде 3 жыл қатарынан аномальды ыстық температура тіркеліп, өнім екі есе азайған. Ал сұраныс артқан. Салдарынан зәйтүн майының бағасы айтарлықтай өскен. 2022 жылы бір литрі 5 еуро тұрса, қазір 10 еуроға дейін көтеріліп отыр.
Дэвид Корби Д'алессандро, мейрамхана иесі:
- Жерорта теңізі елдерінің асханасында зәйтүн майы ең көп қолданылатын өнімнің бірі. Ол көп тағамға пайдаланылады. Біз әдетте тамақтарымызға оның ең жоғарғы сұрыптарын қосатынбыз. Баға шарықтап, енді тек арзандау түрлерін алатын болдық.
Какаоның әлемдік бағасы 3 есе өсті
Какао құны да ауа райының қолайсызыдығынан кейінгі жылда 3 есе өсті. Оның өндірісінің 70 пайызы Батыс Африка елдеріне тиесілі. Бірақ ол жақтарда да күн қатты ысып, зиянкестер көбейген. Бұдан бөлек Йемендегі хуситтердің Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне шабуылынан тауар тасымалдау қиындап, шығын артқан. Салдарынан какаодан жасалатын шоколад та қымбаттады.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Жанна Хусаинова