Алаяқтық. 3 айда 4,3 млрд рубль ұрланған

Ресейде де тұрғындарды түрлі тәсілмен алдап ақша ұрлайтын алаяқтар көбейді.

Осы жылдың алғашқы тоқсанында қаскөйлер ресейлік банк клиенттерінен 4,3 миллиард рубльді қолды еткен. Ал құқық қорғау органдары бір жыл бұрын ұрланған қаражаттың тек 4,5 пайызын ғана қайтара алған.

Көрші елде кибер-алаяқтықпен қалай күресіп жатқаны туралы Ресейдегі меншікті тілшіміз Дана Нұржан баяндап беруге дайын.

Бірінші деңгейдегі банктердің мәліметі бойынша, Ресейдегі ұрлықтың 80% телефон арқылы жасалады. Ақша ұрлау мақсатымен күніне түрлі байланыс орталықтарынан 8 миллион қоңырау шалынады. Олардың алдап-арбауымен тұрғындардың алған жалпы несиесі 200 миллиард рубльге жеткен. Қазіргі кезде алаяқтардың ең көп қолданатын әдісінің бірі – біреудің мессенджер аккаунтына кіріп, сол адамның атынан ақша сұрау. Біз киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшыдан мұндай заңсыз әрекетті жүзеге асыру неге жеңіл деп сұраған едік, былай деп түсіндірді.

Владимир Ульянов, киберқауіпсіздік маманы:

- Бұл жағдай шынымен де жиі кездесетін болды. Өйткені адамдар өздерінің мессенджеріне қосқан адамдарды жақсы білеміз деп, көп күдіктенбейді. Ақша сұрап тұрған жақыным ғой деп сеніп қалады. Ал алаяқтар болса олардың алдыңғы хаттарын оқып, дәл сол танысы сияқты жазады. Алдану – оп-оңай.

Ресей президенті кибералаяқтыққа қарсы жаңа заңға қол қойды. Ол шілде айында күшіне енеді. Оған сай егер банк арнайы деректер қорына енгізілген алаяқтық шотқа ақша аударуға рұқсат берсе, алған ақшаны жәбірленушіге қайтаруға міндетті.

Тағы бір айта кететін жайт жақында Ленинград облысының прокуратурасы алғаш рет ұялы байланыс операторынан алаяқтардың телефон арқылы ұрлаған ақшаны қайтаруды талап етті. Тергеушілер оператор жалған нөмірмен қоңырау шалуға жол бермеу жағын қарастыруы тиіс болатын дейді. Енді ұялы оператордың өзіне айып тағылып отыр. Бұдан бөлек Ресей Бас прокуратурасы фишингтік кибершабуылдар мен әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, қашықтан ақша ұрлаумен тиімді күресуге мүмкіндік беретін заң жобасын әзірлеп жатқанын хабарлады. Дегенмен, мамандар бұл бастамалар жеткіліксіз дейді. Неге екенін тыңдайық.

Владимир Ульянов, киберқауіпсіздік маманы:

- Егер алаяқ өзінің заңсыз әрекетін шетелде отырып жасаса, оны тауып, жауапқа тарту өте қиын. Сондықтан бұл мәселемен тиімді күресу үшін өзге елдердің құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс қажет. Киберқылмыс – халықаралық құбылыс. Сол себепті оны тек бірлесіп қана шешуге болады.

Бұл мәселеге кадр тапшылығы да әсер етіп отыр. Бүгінгі күні Ресейде ақпараттық қауіпсіздік саласында шамамен 50 мың маман жетіспейді. Сарапшылардың пікірінше кадр тапшылығы алдағы жылдары тіпті күшейеді.

Дана Нұржан, 24.KZ, Ресей