Уран өндірісі. Канададан қалып қоймаймыз ба?
Әлемдік нарықта уранға сұраныс артып барады. Бұл металл – атом энергетикасының негізі, сондықтан зор страгетиялық маңызға ие.
Әсіресе уранның климаттың өзгеруімен күрестегі орны ерекше. Әлемдік уран нарығында не жаңалық бар?
Әлемдік уран өндіру ісіне Финляндия қосылды. Бұл уран өндіретін ЕуроОдақтағы алғашқы ел. Десе де "Блумберг" сарапшылары уранға сұраныс артқанымен, оны өндіруде қалыс қалып жатырмыз дейді.
Нигер Францияны уран нарығынан ығыстырды
Францияның Orano компаниясы Африкадағы ірі кен орнында уран өндіруді тоқтатты.
Өз еркімен емес, мәжбүрлі түрде. Уран өндірісі бойынша әлемде жетінші орын алатын Нигердің былтыр төңкеріс арқылы билік басына келген әскери үкіметі франциялық компаниядан лицензияны тартып алған. Франция аталған кен орнын барлау жұмыстарын осыдан 2 апта бұрын бастап қойған. Өндіріске 2028 жылы кірісуді жоспарлап отырыпты.
Жалпы Имурарен кенішінде шамамен 200 мың тонна уран бар. Негізі Orano компанясы Нигерде жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келген.
Батыс Еуропа уранның 15%-ын Нигерден алады
Бұл шешім "кәрі құрлық" нарығына кері әсер етеді дейді сарапшылар.
Өйткені Нигер Батыс Еуропаға уранның 15 пайызын жеткізеді. Ал Франция электр энергияның 70 пайызын атом қуатынан алады. Былтыр ресми Париж 14 жаңа ядролық реактордың құрылысы басталғанын жария еткен болатын.
Тьерри Бретон, Еуроодақтың ішкі нарық жөніндегі комиссары:
- Атом энергетикасының өндірісін біз бәсеңдетіп алмауымыз керек. Өйткені оның зиянды ауа қалдығын азайтуда үлесі зор. Уран өндіру саласына көбірек қаржы салып, білікті мамандар қатарын молайтуымыз қажет.
Канада уран өндіруде Қазақстанды басып озуы мүмкін
Канада уран өндіру көлемі бойынша қазіргі көшбасшы – Қазақстанды басып озуы мүмкін.
Бұл туралы Дүниежүзілік ядролық қауымдастыққа сілтеме жасаған Bloomberg агенттігі мәлімдеді. Қазақстан әлемдік уран өндірісінің – 40, ал Канада – 21 пайызын береді. Канаданың батысындағы Саскачеван провинциясында уранның бай қоры бар. Мамандар оның аз ғана бөлігі 25 жыл бойы 40 миллионнан астам үйді атом энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді дейді.
Негізі жергілікті тұрғындар уран өндірісіне жылдар бойы қарсы болып келген еді. Бірақ климаттың өзгеруімен күресті желеу еткен ел билігі ураннан экологиялық таза энергия алуды белсенді түрде ұсынып жатыр.
Фатих Бироль, халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры:
- Біз ядролық энергияны көбірек өндіруге бар күшімізді салуымыз керек. Қазір ол әлемдік электр қуатының 10-ақ пайызын құрайды. Атом энергетикасын дамытпай, біз климат өзгерісіне қарсы күресте дұрыс нәтижеге жете алмаймыз. Басқа баламалы энергия көздерінің әлеуеті төмен.
Канада тау-кен кәсіпорындарының акциясы қымбаттады
Сондай-ақ Bloomberg Канаданың кейбір тау-кен кәсіпорындарының акциялар бағасы 400 пайызға өскенін айтады.
Мәселен, уранды барлау және өндіру жөніндегі "Некст Джен" компаниясының нарықтағы құны 4 миллиард долларға жуықтаған.
Финляндия уран өндіруге кіріседі
Уран өндірісіне Финляндия қосылғалы жатыр. Ел металды шетелге қайта өңдеуге жіберіп, әрі қарай атом энергетикасында қолданбақ.
Тау-кен кәсіпорны 2 жылдан кейін іске қосылады деген жоспар бар. Өндіріс қуаты жылына 200 тоннаға жетуі мүмкін. Десе де мұның өзі ішкі нарықты ғана қамтамасыз етуге жетеді дейді жергілікті сарапшылар.
Салыстыру үшін айтайық, әлемдік уран өндірісінің орташа көлемі 50 мың тоннаға жуықтайды. Қазір Финляндияда 2 атом электр станциясы жұмыс істейді.
Сарапшылар атом энергетикасының болашағы зор дейді. Қазірдің өзінде әлем бойынша 61 атом электр станциясы салынып жатыр. Тағы 90-ға жуығының құрылысы жоспарда тұр. Бұдан бөлек, 300-ден астам АЭС салу ұсынылған. Сондай-ақ осыдан бірнеше жыл бұрын жабылған ескі станциялар қайта ашылуы мүмкін дейді сарапшылар.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ