Ұлыбританияда Ұлттар күні аталып өтті
Ұлыбритания мектептерінде Ұлттар күні тойланып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Оқушылар сыныптастарына өз мемлекеттері туралы ақпарат беріп, салт-дәстүрлерімен таныстыруда. Ата-анасымен Лондонда тұрып жатқан қазақ балалары да іс-шараға қатысып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттады.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Сара-Джейн Кеннеди – ағылшын тілінің мұғалімі. Бүгін ол өзі білім беретін қазақ оқушыларының мәдениетімен етене танысты. Ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, қамзол мен сәукеле киіп көрді.
Сара-Джейн Кеннеди, мұғалім:
- Әдетте мектеп формасын киіп келген оқушыларымыздың қай елдің өкілі екенін кейде аңғара бермейміз. Бүгінгі іс-шараның арқасында Қазақстанның салт-дәстүрлері туралы біліп жатырмын.
Ұлыбритания мектептерінде оқу жылы шілденің соңында аяқталады. Жазғы каникул алдындағы айтулы шаралардың бірі – осы Ұлттар күні.
Аманда Райт, ямайкалық ата-ана:
- Бауырсақ өте дәмді екен. Бізде де осыған ұқсас тағам түрі бар. Қазақстан туралы көп біле бермеймін. Сіздердің арқаларыңызда ақпарат алып жатырмын.
Кәусар және Алмасбек Қараман халықаралық журналистердің балалары. Лондонда уақытша тұрып жатыр. Мектебіндегі жалғыз қазақ ұлтының өкілдері. Лондондағы шетелдіктерге туған жерін насихаттап жүр. Хью Миддлтон атындағы мектепте олардан бөлек ондаған ұлт өкілі оқиды. Барлығы таңертеңнен ұлттық киімдерін киіп келіп, сыныптастарына тарихи отаны туралы ақпарат берді.
Фади Альраис, палестиналық ата-ана:
- Біз Палестинаның өкілдеріміз. Еліміздің мәдени мұраларын көрсеткіміз келді. Мынау Таяу Шығыстан әкелінген құрма жемісі. Ұлттық сусынымыз қара шәймен ішсін деп алып келдік.
Марио Петруни, италиялық ата-ана:
- Бүгін балаларға Италияның ұлттық тағамы пицца пісіріп үйреттік. Қазақтар сияқты бізде де ұннан жасалатын тағам түрлері көп.
Ұлыбритания – көпұлтты мемлекет. Ағылшын, шотланд, ирланд және уэльс халқынан бөлек, бұрынғы отар мемлекеттерінен қоныс аударған ұлттардың ұрпақтары да тұрады. Жергілікті үкімет олардың тілі, діні және дәстүрлерінің сақталуына ерекше мән береді.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы