Қырғызстандағы апат кезінде жоғалған екі қазақстандықтың мәйіті табылды
Қырғызстанда сел кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық екі баланың денесі табылды.
Бұл туралы Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штабының өкілдері мәлімдеді. Бұған дейін кәмелетке толмаған екі отандасымыздың көз жұмғаны хабарланған еді. Жақында Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағымен қаза тапқан барлық 4 баланың денесі елге жеткізіледі. Қазір жергілікті биліктің көмегімен жеделдетілген режимде қажетті рәсімдер жүргізіліп жатыр. Қазақстандық дипломаттар қаза тапқандардың туыстарына барынша көмек көрсетіп жатыр. Еске сала кетейік, 28 маусымда Ош облысының Ноокат ауданында толассыз нөсер жауыннан жойқын сел жүрген еді. Соның салдарынан тұрғындар мен туристер зардап шекті. Он адам қаза болды. 1300-дей адам эвакуацияланды.