Туристерден запы болған ел

Біз туризмді дамытамыз деп алашапқын болып жүрсек, дәл осы туризмнен әбден ығыр болған елдер бар екен.

Испанияның Малага қаласында 25 мың тұрғын шеруге шықты

Олар саяхатшыларға табыс емес, керісінше дағдарыс көзі ретінде қарайды. Бұған не себеп? Иә, испандықтар «қарнымнын ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» дейтін жағдайға жеткен.

Малага билігі туристер санын шектеуге кірісті.

Малага тұрғындары туризмге қарсы

Малага тұрғындары "Біз туған қаламызда келімсекке айналдық", "Туристер жерімізді басып алды" деп ұрандатты.

Ауқымды шеруге "Гринпис", "Оксфам" сияқты 50-ге жуық ұйым мұрындық болған. Жалпы 48 миллион тұрғыны бар Испанияға былтыр 85 миллион шетелдік турист келген. Бұл ел туристер саны бойынша қазір екінші орында. Малага әкімшілігі қонақ үйлерге жаңадан лицензия беруді шектеді. Бұдан былай туристерді апартаменттерде ғана қабылдауға болады.

Алба Новоа, ереуілші:

- Біз туризмді отаршылдық деп қабылдаймыз. Шетелдік саяхатшылардың кесірінен үй жалдау бағасы аспандап кетті. Билік жергілікті тұрғындардың емес, туристердің сойылып соғатын болды. Мұндағы орташа жалақы 1300 еуро болса, пәтер жалдау құны – 1100 еуро. Әрең күн көріп жүрміз.

Жапония әлемдік туризм орталығына айналып келеді 

Биыл Жапония керісінше әлемдік саяхат орталығына айналып келеді.

Күншығыс елінде туризм электроника мен болат қорыту салаларын басып озып, көлік экспортынан кейінгі екінші орынға шықты. Кейінгі 10 жылда шетелдік туристер саны 5 есе өскен.

Билік сұраныстың көптігін пайдаланып бұған дейін тегін болып келген елдегі ең биік атақты Фудзи тауына шығуды ақылы етіп қойды. Бұдан былай шетелдік туристер шамамен 13 доллар, яғни кемінде 6 мың теңге төлеуге міндетті. Бірақ оның өзінде келушілер саны күніне 4 мың адамнан аспауға тиіс. Фудзи тауының биіктігі – 3776 метр.

Котаро Нагасаки, Яманаси префектурасының губернаторы:

- Туристердің шамадан тыс көп болғаны да жаман. Олар айналаны ластай бастайды. Біздің ең басты мақсатымыз – туристерден көп пайда табу емес, саяхатшылардың қауіпсіздігін және жергілікті тұрғындардың жайлы өмірін қамтамасыз ету. Сондықтан қажет болса, дер кезінде тиісті шаралар қабылдауға мәжбүр боламыз.

Әлемдегі ең үлкен музей ашылады

Терең тарихымен, бай мәдениетімен әлемге әйгілі Үндістан астанасы Нью-Делиде әлемдегі ең үлкен музей ашылады.

Аумағы 154 мың шаршы метрден асады. "Уақытқа бағынбайтын мәңгілік Үндістан" деп аталатын мұражай келесі жылы пайдалануға беріледі деп мәлімдеді елдің мәдениет және туризм министрі.

Жаңа музей Франциядағы атақты Луврдан 2 есе ауқымды болмақ. Кешенде үнді елінің 5 мың жылдық тарихы, мәдениеті паш етіледі. Ғаламат жобаның басты серіктесі – Франция үкіметі.

Әлемде туризм ең мықты дамыған ел – Франция. Бұл елге былтыр 100 миллион саяхатшы барған. Франция көшбасшылықты биыл да бермейін деп тұр. Өйткені Жазғы Олимпиада осында өтеді. Екінші орында – жоғарыда айтқан Испания. Үштікті АҚШ түйіндеді. Ал төртінші және бесінші орындарда – Италия мен Түркия.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ