Францияда әсіре оңшылдар билікке келуі мүмкін
Францияда билікке әсіре ұлтшылдар келіп, үкіметті оның 28 жастағы көшбасшысы Жордан Барделла басқаруы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Бесінші республикада өткен парламенттік сайлаудың бірінші турында Ұлттық бірлестік партиясы жеңіске жетті. Мұндай жағдай елде II Дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет болып отыр. Алдын ала санаққа қарағанда әсіре ұлтшылдар сайлаушылардың 34% дауысын жинап, алға шыққан. Екінші орында солшылдардың «Халықтық майдан» одағы келеді. Ал президент Макронның «Жаңару» партиясы тек үшінші орынға тұрақтаған. Бірақ сайлаудың алғашқы нәтижелері белгілі бола салысымен жұрт Париждегі Орталық алаңға жиналып, ұлтшылардың жеңісіне наразылығын білдірді.
Блиц 1:
- Қазір жағдай қиын. Әсіре оңшылдар билікті қолдарына алуға дайын. Біз мұнымен келісе амаймыз. Еуропада олардың күшеюі неге әкелгенін білеміз. Сондықтан Францияда бұған жол бермейміз.
Блиц 2:
- Менің ойымша, бұл соңғы жылдары Еуропадағы миграциялық және басқа да мәселелерге байланысты ұлтшылдардың халық арасында қорқыныш сезімін ұялату әрекетінің салдары деп ойлаймын. Әсіре оңшылдар осы арқылы қазір күшейіп отыр. Халық бірігіп, оған қарсы тұруы керек деп ойлаймын.
Францияда парламенттік сайлаудың екінші туры 7 шілдеде өтеді. Егер «Ұлттық бірлестік» партиясы бұл кезеңде де жеңіске жетсе, оның жетекшісі Премьер-министр болып тағайындалып, үкімет жасақтайды.