Әлем елдерінің медицинадағы кейінгі жетістіктері қандай?
Әлем медицинасы үнемі даму үстінде. Емдеудің жаңа әдістері пайда болып, дауасы жоқ дерт түрлеріне қарсы дәрі-дәрмектер өндірілуде, деп хабарлайды 24kz.
Бұрын-соңды препарат жасап шығармаған Кения алғаш рет жылан уына қарсы дәрі шығаруды қолға алды. Ал Қытайда альцгеймер ауруына қарсы препарат сыналып, қолданысқа енгізіле бастады. Медицинадағы елеулі жетістіктерді тілшіміз Әсия Нұрлыбаева жіпке тізіп береді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Кейінгі жылдары жаһан медицинасы қарқындап дамып келеді. Түрлі кеселге қарсы жаңа әдіс-тәсілдер қолданысқа енгізіліп жатыр. Дегенмен, кей елдер өркениет игілігіне әлі де қолжеткізе алмай отыр. Мұның себебі неде?
Иә, экономикалық дағдарыс, қарулы қақтығыс, кедейшілік сияқты факторлар медицина саласын дамытуға кері әсерін тигізіп отыр. Бірақ осыған қарамастан, денсаулық сақтау ісін мықтап қолға алған дамушы мемлекеттер де бар.
Медицина дамыған 10 ел
Әлемде денсаулық сақтау ісі бойынша көш бастап тұрған ел – Сингапур. Мұнда медициналық инфрақұрылым жақсы дамыған, біліктілігі жоғары маман көп. Емдеу мекемелері соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Сингапурдан кейін ең үздік мемлекеттердің тізімін Жапония мен Оңтүстік Корея жалғастырады. Күншығыс елінде бұл сектордағы қызметтің барлық түрі қолжетімді, сапасы да өте жоғары. Оңтүстік Корея болса, пластикалық хирургия бойынша алда. Одан әрі медицинасы озық халықтардың қатарына Тайвань, Дания, Швейцария мен Германия кіреді. Данияда ел тұрғындары үшін ауыр отадан бастап босану процесіне дейін медициналық қызметтің барлық түрі тегін. Денсаулық сақтау саласы өте жақсы жолға қойылған 10 елді Франция, Испания және Австралия толықтырады. Бұл мемлекеттер де медицина сапасы мен қызметтердің қолжетімділігі сияқты факторлар бойынша өзге елден озық саналады.
Әлем бойынша медицинасы озық он ел
- Сингапур
- Жапония
- Оңтүстік Корея
- Тайвань
- Дания
- Швейцария
- Германия
- Франция
- Испания
- 10. Австралия
Жатырдағы бала жүрегіне операция жасалды
Медицинасы дамыған тағы бір ел – Қытай. Жақында Шанхай университетінің дәрігерлері жүктіліктің 28-аптасындағы шақалақтың жүрегіне күрделі операцияны сәтті жасап шықты. Отадан бірнеше апта өткен соң нәресте дүниеге келді. «Қазір оның жағдайы бірқалыпты», - дейді мамандар. Нәрестеге жүктіліктің 25-аптасында жүректің туабіткен ақауы деген диагнозы қойылған еді. Осы операцияда озық технологиямен қолданылған тың әдіс Қытайдағы ғылым мен білім саласындағы ұлтық премияны жеңіп алды. Қазір ол Қытайдың 32 провинциясындағы 300-ден астам ауруханасында қолданысқа енгізілді.
Чэнь Сунь, Синьхуа ауруханасы кардиология бөлімінің меңгерушісі:
- Сәбидің жүрегі бөдене жұмыртқасының мөлшеріндей-ақ, диаметрі шамамен 3-4 сантиметр. Ота оңай болған жоқ. Нәрестенің жүрегіне дейін жету үшін анасының жатырын пункциялық инемен тесіп, бірнеше миллиметрлік тері қабатын кесіп өттік. Бәрі ойдағыдай сәтті өтті.
Альцгеймер дертін емдейтін дәрі қолданысқа енді
Қытайда алғаш рет альцгеймер ауруын емдеуге арналған дәрі қолданыла бастады. Оны бірінші болып Шанхайдағы Хуашань ауруханасының науқастары қабылдады. Мамандар бұл препаратты тұтыну мерзімі шамамен 1,5 жылды құрайды дейді. Ол емделушілерде есте сақтау қабілетінің нашарлауын біртіндеп жоя алады. Дәріні тұтынған науқаста дерттің дамуы бәсеңдеп, ауру қарқынын бақылауға болады.
Ю Цзинтай, Хуашань ауруханасының бас невропатологы:
- Бұл дәріні қабылдағандар оны тұтынбаған науқастармен салыстырғанда аурудың даму қарқынын орта есеппен екі-үш жылға баяулатуы мүмкін. Клиникалық сынақтың соңғы нәтижесі осыны айғақтап отыр.
Жылан уына қарсы дәрі шығады
Кенияда ғалымдар алғаш рет жылан шаққанға қарсы у қайтарғыш препарат әзірлеу үстінде. Дәрі өндірісі уды жинау, оны зерттеу, сынақтан өткізу сияқты бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Қазір мамандар жылан уын жинау жұмыстарын жүргізуде. Әдетте кениялықтар антидоттарды Үндістан мен Мексикадан жеткізеді. Бірақ ол нәтижесіз. Жыл сайын жылан шағуынан мұнда 4 мың адам көз жұмып, тағы 20 мыңға жуық кісі зардап шегеді екен. «Жергілікті ғалымдардың бұл талпынысы улы қосмекенділердің шағуынан болатын өлім-жітімді азайтып, тиімді емдеу әдісін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.
Джордж Омонди, Кения жылан шағуға қарсы күрес орталығының директоры:
- Біз жылан шағуға қарсы терапияның соңғы әдісін іздестірудеміз. Қолданыстағы у қайтарғыш дәрілерден еш нәтиже болмай тұр. Мұның салдары түрлі ауруларға әкеп соғуда. Сол себепті жылан шаққан науқастарды емдеудің жаңа әдісін зерттеп, оны жүзеге асыру үшін үкіметтен қомақты қаражат бөлінді. Біз әзірлейтін антидот зардап шеккен жандардың еміне шипа болады деп үміттенеміз.
Норвегиялық ғалымдар жасанды ағза жасап шығарды
Ал, норвегиялық ғалымдар жүрек, өкпе, көз, ми сияқты жасанды ағза мүшелерін жасап шығарды. Олар мұны деменция мен қатерлі ісік дертін емдеу жолдарын анықтау үшін қолданбақ. Шағын ағза жасуша сабағынан өсіріледі. Тың әдістің арқасында ғалымдар, әсіресе, балалардағы деменция және Паркинсон ауруы сияқты сирек кездесетін дерттерді емдеу жолдарын табуға мүмкіндік алды.