Көне дүние күмбірі
Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттерді жалпы саяси-экономикалық мүдде ғана емес, сондай-ақ тату көршілік қатынас, ортақ мәдени мұра мен терең этномәдени байланыстар да біріктіріп отыр.
Мәселен, қазақпен бауырлас Қырғызстан – Шанхай ынтымақтастығы ұйымының уығын алғаш шаншыған бес мемлекеттің бірі. Осы қырғыз елінің Нарын қаласында "Сырмақ" халықаралық фестивалі өтті.
Кез келген ұйым ортақ мәдениетті басқа елдерге насихаттауға кеңінен жол ашады. Бір мысал – былтырғы 23-саммитте Алматы қаласы "Шанхай ынтымақтастығы ұйымының туристік және мәдени астанасы" деп жарияланған болатын.
Осы шығарылымда қазақ пен қырғызға ортақ дүниенің көптігіне тағы бір мәрте көз жеткіземіз.
Қырғызстандағы сырмақ фестивалі
Қырғызстанның Нарын қаласындағы Сырмақ фестиваліне біздің елден бөлек, Өзбекстан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен өкілдер қатысты.
Сондай-ақ Қырғызстанның өз аймақтарынан 120-дан аса қолөнерші келген. Олардың барлығы мыңнан астам сырмақ пен өзге ұлттық бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды.
Жалпы бұл фестивальдің өтіп келе жатқанына биыл 15 жыл. Мақсаты – бауырлас елдерге ортақ сырмақ өнерін халықаралық деңгейде насихаттау, өзара тәжірибе алмасу және сауда-іскерлік байланыстар орнату. Қырғыздар кілем тоқу өнерін 2012 жылы ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұралар тізіміне енгізген болатын.
"Қазақ, қырғыз – бір туған" дейміз. Қырғыз апалар сөйлегенде, аудармашы мүлде керек емес. Олар тек сырмақты "шырдақ" деп атайды екен.
Асыл Медетбекова, қолөнерші:
- Шырдақ – қойдың жүнінен жасалады. Қойдың жүнін қырқып алу, жуып тазалау, киіз жасап, бояуға салып, пысырып, киіз қылып басып, оюын ойып, түсіру. Аннан кейін барып көп қолменен істеледі бұл.
Орунбу Құндызбаева, қолөнерші:
- Жылдан жылға бұл фестивальдің жүрісі кеңейіп жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда мыншалық ел көп емес болды, үйлердің тігілісі, барлықтары азырақ болды. Биыл көп болып жатыр. Өкімет те қолөнершілікке көп көңіл бұрып жатыр. Құдайға шүкір, жастар тартылып жатыр, үйреніп жатыр. Жастар қосылғанда түсін басқаша келтіріп жатады.
Айгүл Мамытова, қолөнерші:
- Бір шырдақты жасау үшін 1 ай уақыт кетеді. Бояуы бар, бір айда бір шырдақ толық бітеді.
Ұлттық ерекшелікке толы мұндай фестивальдер шетелдік турист тартудың таптырмас жолы. Саяхатшылар алтыбақан теуіп, киіз үй сияқты ұлттық жәдігерлермен жақынырақ танысады.
Патрик Хетрич, швейцариялық турист:
- Маған кілемдер, олардың түсі мен өрнегі қатты ұнайды. Қырғызстанға келгенде, көбіне киіз үйлерде ұйықтауға тырысамын. Жаным рахаттанып, бір сергіп қаламын.
Кілем көрмесі басталды
Ыстамбұлда кілем көрмесі басталды. Игілікті іс-шара Түрік және Ислам өнері музейінде өтіп жатыр.
Оған Селжұқ және Осман патшалығы кезінде тоқылған тарихи жәдігерлер қойылды. Түріктер кілем тоқу кәсібі біздің заманымызға дейін 5 мың жыл бұрын Кония аймағында басталған деп есептейді.
Анадолы жұрты кілем экспорты бойынша әлемде Қытайдан кейін екінші орын алады. Жылдық табыс – 2 миллиард 75 миллион долларға жетеді.
Көрме жұмысы 23 тамызға дейін жалғасады.
Елведа Солак, кілем тоқушы:
- 200 жыл бұрын тоқылған мына кілемге қарап, сол замандағы өмір туралы мол ақпарат алуға болады. Қызыл пішін – әулетте балалардың көп болғанын жеткізеді. Ақ түс – шаңырағы шаттыққа толы отбасының бақытты ғұмыр кешкенін білдіреді. Ал қара көк – әлді әулеттің белгісі. Сан алуан түстің астаса берілуі – отбасындағы жақсы қарым-қатынастың нышаны. Қысқасы, тоқымашы әйел өз өмірін осы кілемде өрнектеп кеткен.
Көне қолөнер жанданды
Босния және Герцеговинада киізден сурет туындыларын жасау өнері қайта жанданды.
Бүтін бір ұлттың жүгін арқалаған игілікті істі жергілікті қолөнерші, суретші Аида Пасалич қолға алған. Ол арнайы студио ашып, ежелгі өнерді жас шеберлерге үйретуге білек сыбана кірісті. Қазір оның бұл жобасы халықаралық сипат ала бастады. Еуроодаққа мүше 5 ел – Германия, Хорватия, Португалия, Сербия мен Словениядан мыңнан астам қолөнерші қызығушылық танытқан.
Жалпы Боснияда 400-ден астам қолөнер түрі ресми тізімге енгізілген.
Аида Пасалич, қолөнерші:
- Жүннен сурет туындыларын жасау – біздің ежелгі өнеріміз. Бірақ кейінгі кезде онымен айналысатын адамдар мүлде азайып кеткен. Сондықтан ескі қолөнерімізді тірілту ісін қолға алдым. Бұл өте маңызды миссия. Көнені бүгінгімен байланыстырып, келешек ұрпақтың қолына тапсыруымыз керек.
Қазақ "Өнерліге өріс кең" деп бекер айтпаса керек. Көнеден басталған кез келген қолөнер ұмытылуға тиісті емес. Керісінше оларды заманға лайықтап кеңінен нахиттау ләзім.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ