Шетелдік БАҚ Астанадағы ШЫҰ саммиті туралы жазып жатыр

Қазір күллі әлем назары Астанадағы ШЫҰ-ның саммитінде.

Шетел басылымдары шараның әр сәтін қалт жібермей, үздіксіз хабар таратуда.

“Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер тату достықты нығайтып, алауыздық пен арандатушылыққа қарсы тұруы тиіс.” Беларусьтің белді ақпараттық агенттігі “Белта” ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Астанадағы саммитте сөйлеген сөзін жариялап, оқырманның назарына ұсынды.

Беларусь

Мақалада автор Қытай көшбасшысының “Құрылымға мүше мемлекеттер қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлерді еңсеру үшін бірыңғай тұжырымдаманы ұстануға тиіс” деген пікіріне тоқталады. Оның ұйым елдері ынтымақты түрде әрекет етсе, аймақта ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік мол деген сөзінің өте өзекті екенін атап өтеді.

Көрші қырғыз еліндегі танымал АkiPress агенттігі басылымы да саммитке көп көңіл бөліп, мемлекеттің ұйымдағы өзге елдермен серіктестігін жан-жақты талдады. Президент Садыр Жапаровтың жиында білдірген пікірлерін саралады. Басылым қырғыз басшысының өзара сенім және әріптестік жайлы мәлімдемесі құрылымның тұрақты, қауіпсіз және дамыған аймақ құруға деген ұмтылысын көрсетеді делінген.

Қырғызстан

Сондай-ақ автор Садыр Жапаровтың Қырғызстан ұйымның негізі қаланған күннен бастап бірлестіктің өзге елдермен серіктестікті нығайтуға күш салып келе жатқанын атап өтті. Осы ретте әріптесі Александр Лукашенконы Беларусьтің ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі мәртебесін алуымен құттықтады деп жазады.

Шанхай ынтымақастық ұйымы өңірдегі сауда-экономикалық байланысты ұлғайтып, аймақтың әлеуетін күшейте алады. Пәкістандық arabnews.pk басылымы Астанадағы саммите Пәкістан Премьер-министрі Шехбаз Шарифтің Таяу Шығыс аймағына тоқтала келе осындай оймен бөліскенін жазды.

Пәкістан

Пәкістан үкімет басшысы "ШЫҰ көшбасшылары тиімді көлік дәліздері мен сенімді жеткізу тізбегі арқылы аймақтың өзара байланысына инвестиция салудағы маңыздылығын бірнеше мәрте атап өтті. Енді әрекетке көшетін уақыт келді", - дейді ол. Сонымен қатар Пәкістан ұйым елдерімен байланысты күшейтіп, аймақтың басты сауда арнасының біріне айнала алатынын алға тартады.

Әсия Нұрлыбаева