Амстердамға 2035 жылдан бастап круиз лайнерлерінің кіруіне тыйым салынады
Амстердамда 2035 жылдан бастап круиз лайнерлерінің портқа кіруіне тыйым салынады, деп хабарлайды 24kz.
Үкімет осындай заң жобасын дайындап жатыр. Мұндай шара шаһарды көруге келетін туристердің санын азайтып, қала халқының өмірін жайлы ету үшін қолға алынғалы отыр. Мәліметке қарағанда, қазір портқа жыл сайын 190 туристік кеме кіреді екен. Билік оны алдағы 2 жылда 100-ге дейін қысқартуды жоспарлап отыр.
«Бірақ бұл туризмнен түсетін кірісті азайтуы мүмкін», - дейді сарапшылар. Круиз лайнерлері жергілікті қазынаға жыл сайын 105 миллион еуро пайда әкеледі екен.
Хестер Ван Бюрен, Амстердам қаласы мэрінің орынбасары:
- Қала кеңесі шаһардың тазарып, тұрғындардың жүріп-тұруы үшін қолайлы болғанын қалайды. Ал круиз лайнерлерінен шаһар экологиясына зиян көп. Өйткені саяхатшылар көбейіп, ауаның ластануы артады.