Әлемнің бірнеше елі астанасын ауыстырады
Астананың Арқа төріне көшкеніне 27 жыл. Қазақ елі заман көшінде астанасын талай мәрте өзгертті.
Біз ғана емес, әрине. Мұндай мысалдар тарихта көп. Себебі де әртүрлі. Әлем елдері астаналарын қазір де ауыстырып жатыр. Мысыр көшуді бастап кетті. Индонезия да жаңа елорда құрылысына қызу кіріскен.
Алысқа бармай-ақ, Өзбек – өз ағам да "Жаңа Ташкент" салуға көшті. Бұл елдерге астана ауыстыруға не себеп?
Әлбетте астана ауыстыру – еріккеннің ермегі, оңай іс емес. Бұл "Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін" аса жауапты шешім.
Мысалы, Индонезияның қазіргі елордасы Джакарта су астына кетіп жатыр. Ал Мысыр мен Өзбекстан астаналарына адам сыймай барады. Қазір Каир агломерациясы 20 миллион адамнан, ал Ташкенттікі 5 миллионнан асады.
Мысырдың жаңа әкімшілік астанасы
Мысырлықтар шөл далада елорда салып жатыр. Әзірге шартты атауы – "Жаңа әкімшілік астана" деп аталады. Каирдің шығысына қарай бар болғаны 45 шақырым жерде орналасқан. Жалпы аумағы – 700 шаршы шақырым. Қазірдің өзінде бірқатар ғимарат, инфрақұрылымдық жүйе және Таяу Шығыстағы ең үлкен мешіт салынып қойды. Африкадағы ең зәулім үй де осында. Биіктігі - 385 метр. Министрліктер мен басқа да үкіметтік мекемелер біртіндеп көшіріліп жатыр. 2050 жылға қарай мегаполистегі халық саны 6 жарым миллионға жетеді деген жоспар бар. Мегажобаға бас-аяғы 60 миллиард доллар жұмсалмақ.
Халед Аббас, қалалық әкімшілік басқармасының төрағасы:
- Біз жаңа Каирге көшуді былтыр наурыз айында бастадық. Шілде айында министрліктер іске кірісті. Қазір үкімет толық жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін тағы 48 мыңға жуық қызметкер біртіндеп келіп жатыр. Халықты қоныстандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Екінші кезеңде 1,5 млн тұрғын жаңа қалаға көшіп келеді.
Жаңа әкімшілік астананың бір ерекшелігі – мұнда электр такси көліктері пайдалануға берілді. Әзірге 10 темір тұлпар жүйткіп жүр. Алдағы уақытта олардың саны 145-ке жеткізілмек.
Джордж Майкл, "Жаңа астана таксиі" жобасының операторы:
- Бұл – таза энергияны дамытуға бағытталған алғашқы жоба. Біздің компанияның барлық көлігі тек қана электр тоғымен жүреді. Электромобильдер ауаны мүлде ластамайды. Қауіпсіздік тұрғысынан да өте сенімді. Әр көлік камерамен жабдықталған.
Джунглиде астана салынып жатыр
Индонезия да жаңа астана салып жатыр. Нусантара деп аталады.
Елорда үшін орманды жер таңдап алынған. Негізі құрылыс 2022 жылы басталған. Содан бергі 2 жылдың ішінде джунглидің біраз ағашы оталып, орнына қалалық инфрақұрылым пайда болды. Шаһар құрылысына бюджеттен 32 миллиардтан астам доллар бөлінген. Қала аумағы 324 мың гектардан асады. Яғни қазіргі астанасы Джакартадан 4 есе үлкен. Алдын ала мәлімет бойынша, Нусантараны биыл аяқтап, 17 тамызда елорда оған ресми түрде көшірілуге тиіс. Индонезия біздің Астана салу тәжірибемізге сүйенетінін алға тартады.
Мохамад Фаджрул Рахман, Қазақстандағы Индонезия Республикасының елшісі:
- Сіздер өз астаналарыңызды Алматыдан Астана қаласына қалай көшіргендеріңізді біліп, сол білімді өз астанамызды Джакартадан Нусантараға ауыстыру кезінде қолданғымыз келеді. Астананы, мемлекеттік аппаратты қалай көшіру қажет және ең бастысы – инфрақұрылымды қалай дұрыс дамытқан жөн? Заманауи қаланы қалай басқару қажет? Нусантара жасыл астана атауына ие. Сіздердің астаналарыңызда да жасыл белдеудің болғаны бізді шабыттандырады.
Өзбекстан "Жаңа Ташкент" салып жатыр
Біраз шалғайды шарладық қой. Енді өз іргемізге оралайық.
Өзбек бауырларымыз Жаңа Ташкент салмақ. Оның алғашқы іргетасын президент Шавкат Мирзиёев былтыр наурызда қалаған болатын. Шаһар құрылысы 2045 жылға дейін жоспарланған. Ол 20 мың гектар аумақты қамтиды. Қаланы салу бойынша жаңа дирекция құрылды. Осы мекеме, оның мердігерлері мен инвесторлар 2027 жылға дейін алым-салықтан босатылған.
"Жаңа Ташкентте" 100 мың көлікке арналған жерасты тұрағы, Шыршық пен Қарасу өзендерінде 7 көпір және қазіргі Ташкентпен байланыстыратын 2 жерасты метро желісі салынады.
Валерий Бирюков, сарапшы:
- Елдің жаңа әкімшілік орталығы ақ жағалылар қаласы атанады. Себебі шенеунік, мемлекеттік қызметші атаулының көбі сонда қоныс аударады. Бұл бір жағынан жақсы. Қазіргі Ташкентке ауыртпалық азаяды. Бұл өте ауқымды әрі қызығы мен қиыншылығы көп жоба.
Шаһардың бас сәулетшісі Саидазим Шариповтың айтуынша, мың гектар аумақтағы құрылысқа алғашқы лоттар жарияланды. Сондай-ақ "Жаңа Ташкентте" биіктігі бойынша әлемде 5-орын алатын 575 метрлік егіз үй тұрғызылмақ.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ