Ұлыбританиядағы сайлауда Лейбористер жеңіске жетті

Ұлыбританияда өткен Жалпы сайлауда Лейбористер жеңіске жетті, деп хабарлайды 24kz.

Бұған дейін бірнеше жыл оппозицияда болған партия көп дауыс жинады. Енді оның көшбасшысы Кир Стармер премьер-министр болуға дайындалып жатыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Лейбористер парламенттің Қауымдар палатасындағы 650 орынның 400-ден астамына қол жеткізді. Консерваторлар 110-дай дауыс жинап, антирекорд орнатты. Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері мұндай деңгейге түспеген. Үшінші орында Либерал-демократтар. Жеңімпаз партияның көшбасшысы Кир Стармер өзгерістердің уақыты келіп жетті деп мәлімдеді.

Кир Стармер, Лейбористер партиясының көшбасшысы:

- Біз өмірдің жаңа парағын ашамыз дедік және дегенімізге жеттік. Бүгін біз келесі тарауды бастаймыз. Билік партиясы жасаған бей-берекетсіздікті тоқтатып, өзгерістер әкелеміз. Елімізді жаңартып, өркендету үшін бар күшімізді саламыз.

Жаңа премьер-министр Кир Стармер 61 жаста. Англияның Лидс университетін азаматтық құқық мамандығы бойынша үздік аяқтаған. Бірқатар заң кеңселерінде жұмыс істеп, патша адвокаты дәрежесіне дейін көтерілген. Саясаткер бас мемлекеттік айыптаушы ретінде прокуратураны да басқарды. 4 жылдан бері Лейбористер партиясына жетекшілік етіп келеді.

Блиц 1:

- 14 жыл билікте отырып, елдің тоз-тозын шығарған Торилердің жеңіліп, Лейбористердің көп дауыс жинағанына қуаныштымын.

Блиц 2:

- Бұрынғы билік партиясы түк бітірмеді, тек елді тонаумен болды. Біз халықтың қамын ойлап, елге адал қызмет ететін басшының келгенін қаладық.

Осымен Тереза Мэй, Борис Джонсон, Лиз Трасс және Риши Сунак басқарған Торилердің дәуірі бітті. Сунак жеңіліс үшін әріптестерінен кешірім сұрады. Енді ол үшінші Чарльз патшаның қабылдауында болып, қызметінен босату туралы өтініш білдіреді. Монарх өз кезегінде Кир Стармерге үкіметті басқаруға ұсыныс жасайды. Ал Риши Сунак оппозиция көшбасшысына айналады. Бірақ ол партияны басқаруды жалғастырғысы келе ме, жоқ па бұл жағы әзірге белгісіз.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы