Әлемде роботтарды қолдану жыл сайын артып келеді

Әлем елдерінде түрлі салада роботтарды қолдану жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Күнделікті тұрмыстан тыс медицина сынды күрделі қызметтердің өзінде құлтемір көмекшілер біртіндеп көбейіп жатыр. Сұраныс артқан сайын өндіріс дами түскен. Мәселен, былтыр дүниежүзі бойынша роботехниканың әлемдік нарықтағы көлемі 46 млрд АҚШ долларын құрады. Көрсеткіш 2030 жылға қарай 1114 млрд долларға жетеді деген болжам бар. Саладағы соңғы жетістіктерді тілші Әсия Нұрлыбаева тізбектейді.

Диктор:

- Роботтар сатылымы жылдан жылға өсіп жатыр. Ал сол құлтемірлерді жасап шығаруда қай елдер көш бастап тұр?

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Әлем бойынша ең ірі робот құрастырушы мемлекет – Қытай.

Жалпы былтыр Азияда 300 мыңға жуық өндірістік робот жасап шығарылған. Еуропа ғалымдары да жаңашылдықтан кенде емес.

 

Зағиптарды жетектейтін робот ит пайда болды

Қытай ғалымдары көру қабілеті нашар адамдарды жетектеп жүретін робот ит құрастырып шығарды. 6 аяқты құлтемірдің арнайы сенсоры мен камерасы бар. Солар арқылы жанындағы адамның бағдаршамнан қиналмай өтіп, жол бойында дұрыс жүріп-тұруына көмектеседі. Тіпті қожайынының даусын алыстан таниды. Онымен тілдесіп, пікір алмаса да алады. Қазір технологияны мүмкіндігі шектеулі жандар арасында сынау жалғасып жатыр. Егер тиімділігі дәлелденсе, робот итті өндірістік көлемде шығару қолға алынбақ.

Гао Фэн, Шанхай университеті машина құрылысы мектебінің жетекшісі:

- Қытайда қазір 400-ден аса зағип жанның ғана осындай көмекші иті бар. Ал дерекке сүйенсек, елімізде 20 млн-нан астам адамның көру қабілеті нашар. Сондықтан мәселені осындай жетектегіш робот итті қолданысқа енгізу арқылы шешуге болар еді.

 

Ғибадатханада робот пілдер қолданысқа енгізілді

Үндістанда тұрғындар ғибадатханаларда робот пілдерге табына бастады. Оған адамдардың мінәжат орындарында алып жануарларға тиісіп, қайғылы оқиғалардың көбеюі себеп. Содан жергілікті билік оларды құлтемірлермен ауыстыруды шешкен. Биіктігі 3 метр, салмағы 800 келі тартатын роботтарды тірі пілдерден ажырату қиын. Олар тіпті құлағы мен құйрығын қозғалта алады. Жануарларды қорғаушылар биліктің бастамасын қолдап отыр.

Шрикутти Раджив, Төтенше жағдайларды жою жөніндегі маман:

- Біздің аймақта пілдер діни және басқа да мақсатта кеңінен қолданылады. Бірақ кейінгі 15 жылда діни орындарда пайдаланылатын пілдерді мазақ ету көбейіп, жануарлардың адамдарға шабуылы жиіледі. Салдарынан жүздеген адам көз жұмды. Осындай оқиғалар болмас үшін ғибадатханаларға жергілікті мамандар жасап шығарған механикалық пілдерді қойып жатырмыз.

 

АҚШ-та ғалымдар ойлау қабілетін арттыруға көмектесетін робот

Калифорнияда ғалымдар айналасын танып-білу сезімі бұзылған жандар үшін көмекші робот жасап шығарды. Оны құрастыруға дәрігерлер мен науқастар атсалысқан. Carmen деп аталатын құлтемір адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, ойлау дағдыларын қалыптастыруға қолғабыс етеді. Мысалы, ол емделушіге құпиясөз жасырып, интерактивті ойындар арқылы оны табуға талпындырып көмектеседі. Болашақта мамандар технологияны жетілдіріп оны науқастармен әңгімелесуге үйретуді жоспарлап отыр.

 

Испания ауруханаларында мебдике роботтар жұмыс істейді

Ал Испания ауруханаларында қолданылатын мына құлтемір науқастың ыстығын өлшеп, қабылдайтын дәрі мөлшерін реттеп береді. Яғни, бұл роботтар медбикелердің жұмысын жеңілдетіп, емдеу орындарында уақытты үнемді пайдалануға көмектеседі. «Олардың тағы бір екрекшелігі – кез келген жағдайда жұмыс істей алатындықтан, инфекцияның таралуына жол берметіндігінде», - дейді мамандар.

Әлем елдеріндегі робототехника саласының жетістіктері осындай.