Францияда парламент сайлауында солшылдар жеңді
Франциядағы парламент сайлауында солшыл партиялардың «Жаңа халық майданы» коалициясы жеңіске жетті.
Олар 182 орынға ие болған. Бұл мәліметті елдің Ішкі министрлігі келтірді. Екінші орынға президент Эммануэль Макронның «Бірге» центристік коалициясы жайғасты. Үшінші орын Ле Пеннің ультраоңшыл партиясына бұйырды.
Еске сала кетейік, бұл жолғы парламент сайлауы мерзімінен бұрын өткен еді. Ультрасолшылдар Еуропарламент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін Франция президенті мерзімінен бұрынғы сайлауды белгілеген.
Оливье Фор, Француз социалистік партияның көшбасшысы:
- Франция әсіреоңшыл «Ұлттық бірлестіктің» билікке келуін қаламады. Бізге жеңіс сыйлаған миллиондаған французға алғысымды айтамын. Бұл – біздің ғана емес, бәрімізді жарқын келешек жолында біріктіре алған «Жаңа халық майданының» мерейі.
Сайлау нәтижесі жарияланған бетте көшеге мыңдаған адам шықты. Бірақ бейбіт басталған шеру соңы тәртіпсіздікке ұласып кеткен. Белгісіз біреулер қоқыс жәшіктерін өртеп, аялдамалардың шынысын сындырды. Нант қаласында полиция көзден жас ағызатын газ шашуға мәжбүр болған.