Әлем елдерінде алименттен жалтарғандарға жаза қандай?

Алимент мәселесі әлем елдерінде де өзекті. Борышкерлерге қатысты қолданылатын жазаның да сан түрі бар, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, Еуропада алимент төлеуден жалтарғандарды 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Фариза Жанғанаева, тілші:

- Иә, ажырасу бар жерде, алимент төлеу мәселесі қатар жүреді. Бірқатар мемлекетте алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты заң қатал.

 

Францияда алимент төлеуден жалтарғандарға заң қатал

Францияда қашқын ата-аналарға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Сонымен қатар олар 15 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Заңға сәйкес, алимент төлеуші адам тұрғылықты мекенжайы немесе қаржылық жағдайы өзгерсе, дер кезінде тиісті органдарға хабарлауы қажет. Ұмытқан жағдайда 6 айға дейін темір торға қамалып, 7,5 мың еуро айыппұл төлеуге тиіс. Қазір Францияда алиментке арналған бірыңғай платформа бар. Соның көмегімен арнайы агенттік берешекті жинап, алимент алушыларға жолдайды. Егер кімде-кім төлем жасамаған болса, мемлекеттік орган бірден шара қабылдайды. Десе де, заңның қатаң болғанына қарамастан, Францияда алименттің 30-40%-і уақытылы төленбейді. 

Статистикаға сүйенсек, Франциядағы жалғызбасты аналардың төрттен бір бөлігі ғана алимент алады. Алайда, бұл – Еуропадағы ең төменгі көрсеткіш.

 

Бельгияда жауапсыз ата-анаға жаза жеңіл

Ал, Бельгияда жауапсыз ата-аналарға жаза жеңіл. Тек жүргізуші куәлігінен айырылумен шектеледі. Тіпті 50/50 жүйесі арқылы алимент төлеуден түбегейлі құтылуға да болады. Ол үшін апта сайын бала кезек-кезек әкесімен де, анасымен де бірдей уақыт өткізуі қажет.

 

Оңтүстік Кореяда алимент төлемегендер жазаға тартылады

Ал, Оңтүстік Кореяда баласынан безіп, бір жыл бойы алимент төлемегендерге 8 мың доллар айыппұл салынады. Шекара асуына тыйым салынып, бір жылға дейін түрмеге қамалады. Оңтүстік Кореяның Гендерлік теңдік және отбасы министрлігі өз сайтында жыл сайын алимент төлеуден жалтарып жүргендердің жеке мәліметін жариялап отырады. Ата-аналар балаларының алдындағы қарызын өтемейінше бұл дерек өшірілмейді. Тек борышкерлер қайтыс болғанда немесе қарызын өтеген жағдайда ғана жойылады.

Кейінгі онжылдықта Оңтүстік Кореяда ажырасу деңгейі 250%-ке күрт өсті. Бұл әйелдердің әлеуметтік мәртебесінің өсуіне сәйкес келеді.

Өйткені Оңтүстік Кореяда жұмысбасты аналар көп. Сағаттың көптігі мен қауырт жұмыстан отанасы отбасы жайына бас қатырмайды. Әрі өз-өзін асырай алатындай жалақысы да мардымды. Бала туу көрсеткішінің де кейінгі жылдары күрт төмендеп кеткені содан.

 

Түркияда ажырасу азайған 

Түркияда ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесімен қалдырады. Өйткені отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндеттеледі. Балаға төлейтін алимент мөлшері айына 100 бен 1000 доллар аралығында. Сондай-ақ тек балаға ғана емес, анаға да алимент төленеді. Мәселен, ажырасқан еркек әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндетті. Ал, төлемегендер 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Абақтыдан мерзімінен бұрын босау үшін алиментті толық төлеуі қажет. Бар жауапкершілік өз мойнында болғандықтан, ер адамдар бірінші отбасының, баласы мен әйелінің жағдайын жасауды ойлайды. Сондықтан болар, Түркияда ажырасу аз кездеседі.

***

Иә, қазірде алимент мәселесі ажырасқандардың бас ауруына айналып отыр. Шаңырағы шайқалғандарды, заң реттегесі келгенмен, тәртіпке бағынбайтындары көп.