Көп елде туризм тұрғындардың берекесін қашырды
Туристік маусым тұрғындардың берекесін қашырды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл Грекияның Афина қаласында саяхатшылар саны 20%-ке артты. Алайда осының салдарынан пәтерді жалға алу құны қымбаттап, жергілікті тұрғындар қиналуда. Ал Испанияда туристердің көптігінен жұрт баспанаға қол жеткізе алмай, наразылық күшейген. Дегенмен көрші Францияда керісінше. Парижде саяхатшылар қарасы азайған.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Былтыр грек астанасы 7 млн туристі қонақ етті. Биыл бұл көрсеткіш 20%-ке көп болады деген болжам бар. Саяхатшылардың қатары артқан сайын жергілікті халыққа пәтер жалдау қиынға соғып отыр. Оған қоса, туризмнен түскен табыс қаланы дамыту жұмыстарына жұмсалмайды, мемлекет қазынасына түседі.
Катерина Кикилия, Батыс Аттика университетінің туризм менеджменті кафедрасының профессоры:
- Афина мен Аттиканың көптеген аудандары туристер үшін арнайы сатып алынған. Сондай аудандардың бірі – Кукаки. Бұл жерде пәтер жалдау мүмкін емес. Тіпті адам да тұрмайды, мектептерде бала жоқтың қасы.
Каталониялықтар туристердің көптігіне наразы
Испанияның Каталония қаласында да туристер ағыны байқалады. Осыған байланысты Барселона мен Жиронада 3 мыңнан астам тұрғын наразылық шеруіне шықты. Олар үкіметтен шетелдік саяхатшыларға шектеу қоюды талап етіп отыр. Өйткені елге ағылған қонақтардың тым көптігі пәтерге қолжетімділікті шектеп, экологиялық дағдарысқа сеп болған.
Антонис Маркопулос, жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы:
- Пәтер жалға алуға сұраныс 5 есе артты. Ал жалға берілетін тұрғын үйлердің көбі тозған, ескі. Өйткені кәсіпкерлер пәтерді күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін оның құнын тым аспандатып жібереді. Сол себепті мұндай үйлер нарыққа шыға қоймайды.
Парижге келушілердің саны азайды
Парижде керісінше, елге келушілер қатары күрт төмендеді. Индустрия өкілдері жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында туристер саны артуы мүмкін деген болжам жасады. Бірақ Франция астанасын барып көргісі келетін саяхатшылар қарасы азайған. Өйткені шаһардағы қонақүй қожайындарының сөзінше, нөмірлердің 50%-і ғана алдын ала рәсімделген.
Олдрик Дюваль, Париждегі қонақ үй иесі:
- Меніңше, Олимпиада ойындарын өткізудің өзі шетелдік қонақтарды елге тартуға әсер ете алмайды. Өйткені бәрі қымбат. Туристік салықтан бөлек, метро бағасы да өседі. Оған қоса, ауа райы тым нашар. Сондықтан мұнда саяхатшылар азаюы мүмкін.
Түркия әуежайларында тексеру қатаңдатылды
Түркия әуежайларында жолаушыларды тексеруді қатаңдату туралы заң қолданысқа енгізілді. Бұған елге бағыт алған туристердің шамадан тыс артуы себеп. Әдетте мұнда сапарлаушының жүгі ғимарат ішіне кіріп, тіркеуден өтер кезде тексерілетін. Қауіпсіздік қызметі бұдан былай терминалға, отырғызу аймағына жіберілетін жолаушыны, жүгін тексерістен өткізеді. Электронды құрылғылар да назардан тыс қалмайды. Одан бас тартқан жолаушы борттан шұғыл шығарылады.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Жанна Хусаинова