Эквадорлықтар: Тоғызқұмалақты жалпыхалықтық ойын еткіміз келеді

Эквадорда тоғызқұмалақ ойнайтын жандар көп, деп хабарлайды 24kz.

Кейінгі бір жылда бұл елдің азаматтары өз еркімен үйірме ашып, оқушылар, студенттер мен қарияларға қазақтың төл ойынын дәріптеп жүр. Жалпы Эквадор – Қазақстанның Латын Америкасындағы Бразилиядан кейінгі ең ірі сауда серіктесі. Ол жақтан бізге банан, шоколад, гүл мен теңіз өнімдері келсе, бізден пластмасса, резеңке, қара металл мен құбыр саудаланады. Енді эквадорлықтар Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында тоғызқұмалақ бойынша да ынтымақтастық орнатуға дәмелі.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бұл – эквадорлық азамат Хуан Карлостың ойлап тапқаны. Төл ойынымызға қызыққаны сонша, арнайы тақтасы болмаса да, тоғызқұмалақ ойнаудың амалын жасаған.

Хуан Карлос Эндара Вега, әуесқой тоғызқұмалақшы:

- Өз тақтам болмаған соң жапонның го ойынының тастарын алдым да, ойын карталарын отау етіп осылай тізіп қойдым. Ал ақ тастарды тұздықты белгілеу үшін қолданамын. Ойын карталарын осылай рет санымен тізсеңіз, отауларды нөмірлеген боласыз. Бір жағына қызыл карталарды, екінші жағына қара карталарды қойып, кімнің бастаушы, кімнің қостаушы екенін де шешуге болады. Тақтадағы ойындай ыңғайлы болмаса да, өзіме қатты ұнайды.

Бұл елге тоғызқұмалақты әкелген – колумбиялық Херман Гонзалес есімді азамат. Латын Америкасында көшпенділердің көне ойынын дәріптесем деген арманы эквадорлықтардың мысалында айқын байқалады.

Роммель Гутьеррес Роа, әуесқой тоғызқұмалақшы:

- Мен аптасына үш рет тоғызқұмалақ ойнап тұрамын. Бұл аз сияқты. Жеке тақта алып, көбірек ойнап, машықтанғым келеді. Әзірге онлайн платформаларда ойнап жүрмін. Миға пайдалы бұл ойынды мектеп, колледжі мен университеттегі жастар көбірек ойнаса деймін. Сол өрендерден эквадорлық құрама команда жасақтап, жарыстарға қатыссақ деген арманым бар.

Андреа Паулина Артеага Кинтана, әуесқой тоғызқұмалақшы:

- Менің қызметім қариялардың күтіміне байланысты болған соң оларға жиі барып тұрамын. Тоғызқұмалақ ойнауды да үйретіп жүрмін. Өзімнің 94 жастағы әжем де осы ойынды лезде меңгеріп алды. Егде жастағы кісілерге өте пайдалы екенін аңғардым. Ойдың сергектігіне, ми белсенділігіне, қол моторикасына жақсы әсер етеді. Ережесін жаттап, санап отыру арқылы зияткерлік қабілеттері шынығады. Бір сөзбен айтқанда, тоғызқұмалақ тез қартаюдың алдын алады.

Диего Анджело Сильвейра, әуесқой тоғызқұмалақшы:

- Мен тоғызқұмалақты өзім сабақ беретін Португал тілі институтында және подкастымда дәріптеп жүрмін. Өзім бразилиялық болғандықтан, Эквадор мен Колумбиядағыдай өз елімде де тоғызқұмалақ ойыншылары көбейгенін қалаймын. Біздің елде үстел ойындарына деген қызығушылық жоғары. Енді олар тоғызқұмалақ жайлы көбірек білсе деген мақсатым бар. Себебі бұл ойын адамдарды зияткерлік жолында біріктіре алады.

Қазір эквадорлық тоғызқұмалақ клубында 20 адам бар. Олар Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуды мақсат етеді. Ол үшін жан-жақты дайындық пен қолдау қажеттігін жасырмады.

Андреа Паулина Артеага Кинтана, әуесқой тоғызқұмалақшы:

- Бізге қазір тоғызқұмалақты кең көлемде дамыту үшін зор қолдау қажет. Тақталар мен тастар болса дейміз. Қазір осындағы шеберлер пластикті қайта өңдеу арқылы тақта жасауды қолға алып жатыр. Десе де, Қазақстанмен мәдени қарым-қатынасымызды жетілдіріп, сіздерден үйреніп, тоғызқұмалақты Эквадордағы жалпыхалықтық ойын еткіміз келеді.

Талап бар, талант та бар, енді тақта қажет. Уақытша кедергілерге қарамастан, тоғызқұмалақтың әлемдік зияткерлік ойынға айнала бастағанын осыдан аңғаруға болады.

Авторы: Ердана Ержанұлы