Мажарстанда керқұландар жойылып барады
Мажарстанда керқұландар жойылып кету алдында тұр. Ғалымдар осылай деп дабыл қақты.
Қамбар ата тұқымын аман сақтау үшін табиғат жанашырлары заманауи технологияның көмегіне жүгінген. Жалпы көшпенділер өмірінде жылқының орны зор болған. Ұлы даланың жауынгер халқы ат тұяғы жеткен жердің бәріне барды. Түбі түрік мажарлар Дешті Қыпшақтан сонау Еуропаға тұлпарымен жеткен.
Жылқы бағуда дронды пайдалану бүгінде ешкімге таңсық емес. Бірақ өздігінен ұшу құралын терең зерттеуде қолдану – соны жаңалық. Пржевальский жылқысының әлемде шамамен 2 мың ғана түрі бар. Олардың 278-і қазір Мажарстандағы Хортобағы ұлттық паркінде жайылып жүр. Зерттеу жұмысын Будапешт және Дебрецен университеттері қолға алған.
Мате Наги, Будапешт университетінің ғалымы:
- Пржевальский жылқыларын ғылыми тұрғыда зерттеу – өте қызықты. Бұларда біз біле бермейтін үлкен бір жүйе бар. Қарапайым адамдар, жылқышылар көп нәрсе білетін сияқты. Бірақ олардың білімі жылқыны көбейтуге көмектеспей тұр. Сондықтан ұзақ мерзімді жүйелі ғылыми бақылау орнатуды маңызды деп таптық.
Иә, бұл зерттеу бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді қамтиды. Жабайы жылқылар қалай әлеуметтенеді, айғыр мен биенің мінез-құлқы қандай, жылдам көбею үшін қандай алғышарттар бар. Бірақ адамның күшімен бақылау жасау – ескі әдіс. Оның заманы өткен. Адами ресурс пен уақытты көп алады.
Каталин Озогани, Дербецен университетінің ғалымы:
- 2 дрон пайдаланып жатырмыз. Біріншісін тым жоғары ұшырамыз. Ол үйірдің жалпы жүріс-тұрысын, өзара қарым-қатынасын бақылайды. Екінші дрон төмен әрі жылқыларға өте жақын ұшырылады. Осылайша алыстан, жалпылама және жақыннан, ішінара зерттеу жасалады.
Бұл жылқы ғалымдар назарына алғаш рет 1878 жылы іліккен. Сол жылдары ресейлік саяхатшы-географ Николай Пржевальскийге жабайы жануардың сүйегін Алтай қазақтары тапсырып, ол зерттеу жасауға кірісті. Сол себептен "Пржевальский жылқысы" деп аталады. 1968 жылдан бастап тұқымы азая бастаған. Қазір дүниежүзілік қауымдастықтың қатаң бақылауында.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ