Тибетте тасқын жүрді
Индонезияның Сулавеси аралындағы алтын кенішінде лай көшкіні жүріп, 23 адам опат болды.
Тағы 35 азамат хабар ошарсыз кетті. Қазір оларды іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Апат орнына 400-ден астам маман жұмылдырылып, ондаған техника мен тікұшақ тартылған. Бірақ шелектеп құйған жаңбыр құтқарушыларға біршама кедергі келтіруде.
Тибетте тасқын жүрді
Қытай
Тибетте де су тасқыны мен лай көшкіні жүрді. Билік өкілдері таулы жердің топырағы толассыз жаңбырдан кейін лайланып, жылжығанын айтады. Соның салдарынан тау бөктеріндегі жолдарды батпақ басып, көпірлер қирап қалған. Қазір қауіпті аймақта 130 адамның қалып қойғаны белгілі. Арасында туристер де бар. Жергілікті тұрғындар мен құтқарушылар оларды алып шығуға әрекет жасап жатыр. Синоптиктер болса елдің оңтүстік-батысында жауын-шашын әлі бірнеше күн жалғасатынын хабарлаған.
Калифорнияда ыстықтан орман өртеніп жатыр
АҚШ
АҚШ-тың Калифорния штатында ормандар отқа оранып, өрт ырық бермей тұр. Тілсіз жау осы уақытқа дейін 100 шаршы шақырымнан аса жерді жалмап үлгерген. Аймақтағы аптап кесірінен әзірге қызыл жалынды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Мамандар өрт шарпыған аумақтың тек 12 пайызын сөндіре алғанын айтады. Ал Луизиана мен Техас штаттарында тұрғындар Берилл дауылының салдарымен күресіп әлек. Өйткені дүлей жол ағаштарды сындырып, құлатып, кей жерлерде жолдар жабылды. Көптеген үйдің шатыры ұшып, электр сымдары үзілген. Қазір Хьюстон қаласындағы 3 миллионға жуық үй мен кәсіпорында жарық жоқ. Билік өкілдерінің айтуынша, қалада электр қуатын қалпына келтіру бірнеше күнге созылуы мүмкін.
Румынияда күн шыжып тұр
Бухарест
Румыния астанасы Бухарестте бірнеше күннен бері күн жанып тұр. Сынап бағанасы 39 градусқа жеткен. Осыған байланысты тұрғындар қапырық ыстықтан қорғанудың түрлі айла-тәсілін тауып, амалдауда. Бірі субұрқақ маңын жағаласа, енді бірі жағажайларға барып сая іздеген. Синоптиктердің айтуынша, аптап ыстық ай соңына сақталуы мүмкін. Сондықтан билік өкілдері шілде айында аса қажеттілік болмаса, күн ыстықта далада ұзақ жүрмеуге кеңес беріп жатыр.