Әлемде түйе сүтіне сұраныс артып келеді

Сиыр сүті біздің елде ғана емес, жалпы әлем халқы тұтынатын сүт өнімдерінің 81%-ін құрайды.

Ал 4%-і ешкі, қой, түйе сүтіне тиесілі. Дегенмен келешекте сиырдан гөрі түйе сүтіне сұраныс артуы мүмкін. Нарықта 2022 жылы түйе сүтінің жаһандық өнімі 1,3 миллиард доллар болса, бұл көрсеткіш 13 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Мұның себебі неде?  

Жалпы биыл – Халықаралық түйе жылы. Біріккен Ұлттар Ұйымы ойсылқара тұқымын көбейтуге, оған инвестиция құйып, инновациялық әдістер мен технологияларды пайдалануға әлем назарын аудартып отыр.

Түйе – қазірде 100 шақты мемлекеттегі қолайсыз климатта өмір сүретін миллиондаған тұрғынның негізгі күнкөріс көзі.  

Кенияда түйе сүті – тіршілік

Кенияның жергілікті тамақтану мамандары түйе сүтін «ақ алтын» деп атайды. Өйткені бұл елдің тұрғындары түйе сүтінің қадірін жақсы біледі. Жауын-шашын аз жауатындықтан, жыл сайын қуаңшылықтан зардап шегетін жұрт үшін нағыз тіршілік нәрі – су емес, сүт. Мәселен, 2017 жылғы қуаңшылық елде табиғи апат ретінде сипат алып, миллиондаған адам азық-түлік тапшылығын сезді. Ал түйелер құбылмалы климатқа бейім, шөлге шыдамды болғандықтан, тұрғындардың негізгі күнкөріс көзіне айналды. Мәселен, жергілкті тұрғындардың 60% астамы ірі қара мал ұстайды. Кейінгі жылдары кениялық түйе сүтіне АҚШ, Еуропа кәсіпкерлері қызығып отыр. Әлемдік нарық сарапшыларының пікіріне сүйенсек, түйе сүтінен жасалған өнімдер балаларға арналған сүт қоспаларына, балмұздақ, тіпті кофеге дейін қосылады.

Пирс Симпкин, БҰҰ Азық-түлік бағдарламасының Кениядағы өкілі:

- Түйелер климаттың өзгеруіне өте жақсы бейімделген әрі олар мыңдаған жылдар бойы құрғақ, ыстық климатта өмір сүруге дағдыланды.

 

Түйе сүтіне сұраныс артып келеді

Түйе сүтін импорттаудан Сауд Арабиясы көш бастап тұр. Оның жылдық өндірісі шамамен 0,271 миллион тонна. Ең ірі тұтынушысы - Жаңа Зеландия. Косметикалық өнімдерді айтпағанда, түйе сүтінен әлемде бірінші болып шоколад жасаған да – осы ел. Жалпы түйе сүті араб елдері мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған. Себебі сүттің денсаулыққа пайдасын біледі. Әрі тағамтану мамандарының дерегіне сүйенсек, түйе сүті кальций, темір, ақуызға бай. «Сондай-ақ сиыр сүтімен салыстырғанда түйенікінде май аз, бұл – калорияны бақылайтын тұтынушылар тартудың негізгі факторы», – дейді, мамандар.

«Сиырлар қоңыржай климатта жақсы өседі, ал түйелер күй талғамайды, қатал климатқа төзімді. Әрі түйелер тамақ пен суды ет пен сүтке айналдыруда тиімдірек. Бұл азық-түлік пен су тапшылығы сезілетін аймақтарда өте маңызды», – Ариэлл Ахерн, Оксфорд университетінің профессоры.

ВВС мәліметі бойынша, түйе сүтінің нарықта айналымы жыл сайын 10 миллиард долларға бағаланады. Оның танымалдығы қасиетіне байланысты. Мәселен, шөл шөптерімен қоректенетін бір өркешті түйелердің сүті ең жақсысы деп саналады. Түйе сүтін консервілеп, сатылымға шығарған Австралия билігі ауруханаларында шұбат тасуды жолға қойып реттеп алған. Түрікменстанда түйенің сүтінен қатық айырып, сыр жасайды, май шайқайды. Югославия мемлекетінде түйенің майынан тері ауруларына қарсы дәрі шығарады, иісті сусабындар өндіруге қолданады. 

Мал өсірсең, түйе өсір, пайдасы оның көл-көсір. Жалпы Қазірде 50-ге тарта мемлекет түйе өсіріп, одан табыс тауып отырған жайы бар.

Мәселен, Еуропада 1 литр шұбат 15 мың теңге тұрады. Ал біздің елде, сатушылардын сұрастырдық, 1 литрі – 1700 теңге. Яғни, түйе сүтін табыс көзіне айналдыруға болады.