Францияда премьер-министрді таңдау оңайға соқпай тұр

Францияда премьер-министр қызметіне үміткерлерді таңдау қиынға соқты.

Өйткені парламенттік сайлау қорытындысына сәйкес, партиялардың бір де бірі сайлаушылардың көп дауысын жинай алмаған. Үш үміткер партияның ұпайлары тең түсіп, енді өзара келісімге келе алар емес.

Премьер-Министрді таңдау бойынша солшылдар мен жаңа Халықтық майдан әлі ортақ шешімге келер емес. Әзірге екі үміткер бар: Жасылдар партиясының жетекшісі Марин Тондельер және социалистік партиядан Оливье Фор. Парламент мүшелері осы аптаның соңына дейін қос кандидаттың біріне тоқталуға уәде берді.

Алексис Корбьер, Ұлттық ассамблея депутаты:

- Мен жаңа халықтық майданның парламенттік тобын құруды ұсынамын. Осылайша біз барлық депутаттардың қатысуымен шешімдерді бірлесіп талқылай аламыз. Ортақ келісімге келе отырып, Премьер-министр лауазымына үміткердің бірі таңдалады. 

Саяси науқан басталар алдында қазіргі премьер-министр лауазымындағы Габриэль Атталь отставкаға кетуге өтінім білдірген еді. Бірақ мұны Президент Эмманюэль Макрон мақұлдаған жоқ. Жазғы Олимпиада ойындары өтетін кезеңде бұл өкілеттікті беруге қолайлы уақыт емес екенін айтты.  

Матильда Пано, Ұлттық ассамблея депутаты:

- Габриэль Аттальдің әзірше өз лауазымында қалуы демократиялық тұрғыдан дұрыс емес. Біріншіден, Макронның жақтасы ретінде Габриэль Атталь заң шығарушылар сайлауында жеңіліске ұшырады. Еуропалық сайлауда да жеңіліс тапты. Мен Президенттің түк болмағандай әрекет етуіне қатты алаңдаймын. Француздар бұл сайлауда дауыс бермеген сияқты.

Парламент сайлауы аяқталғанымен, тартыс басылмай керісінше күшейе түскен. Көпшілік мәселені қызу талқылап жатыр. Ұлттық Ассамблеяның жаңадан сайланған құрамы Үкімет басшысының кандидатурасымен келісіп қана қоймай оның кабинеттер мүшесін бекітуі тиіс. Бұл Париждегі Олимпиада ойындары тақалғанда қиынға соққалы тұр. 

Әсия Нұрлыбаева, Алия Сыздыкова