Әлемді азық-түлікпен толық қамту үшін тағам өндірісін 70% арттыру керек

Әлем халқын азық-түлікпен толық қамтамасыз ету үшін 2050 жылға қарай тағам өндірісін 70 процентке арттыру қажет.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мамандары осылай дейді. Бұл ретте ғалымдар аграрлық секторда тың әдіс-тәсілдер мен озық технологияларды қолдану аса маңызды екенін алға тартады. Қазірдің өзінде кей елдер бірқатар инновациялық жобаларды жүзеге асыра бастаған.

Қытайлық ғалымдар картоптағы вирусты ерте анықтаудың жолын тапты. Айтуынша, тың технология қолданыста қарапайым әрі арзан. Бар болғаны көкөністе зиянды заттың бар-жоғын білу үшін арнайы тестілеу өткізсе жеткілікті. Нәтиже небәрі 2-3 минутта белгілі болады Сондықтан аталған әдіс картоп өндірумен айналысатын шаруашылықтарға зор пайда әкеледі дейді мамандар. Айта кетейін, аталған технология «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы ондаған елге ұсынылып, бүгінде өз жемісін бере бастаған.

Түркия

Түркияда жылыжай кешенінде құлпынай өсіру үшін интеллектуалды жүйе қолданыла бастады.  Оның ерекшелігі сол, заманауи сенсорлар өсімдіктердің өсу қарқынын, зиянкестерге қарсы төзімділігін үнемі бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда тыңайтқыштар мен суды тіпті энергияны да үнемдеу туралы шешім қабылдай алады. Мамандардың айтуынша, осындай «ақылды жылыжайларда» өсірілген жидектердің дәмі мен құнарлылығы далалық алқаптан жиналған өнімдерден еш кем емес. Сақтау ұзақтығы да жоғары. Ең бастысы, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында құлпынайлар ішкі нарықта ғана сатылып қоймай, шетелге де экспорттала бастаған. Айта өтейін, Түркия құлпынай өндірісінен әлем бойынша бірінші орында. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы келтірген мәліметіне сүйенсек 2020-2021 жылдары бауырлас ел 547 мың тонна жидек өсірген.

Кения

Өз кезегінде Кенияның Квал округінде мұхиттан ауланған балықты ұзақ уақытқа сақтаудың заманауи әдіс-тәсілдері енгізіліп жатыр. Ол үшін күн қуатымен жұмыс істейтін қондырғылар іске қосылған. Бұл құрылғылар тәулік сайын 1,5 тонна мұз өндіреді. Кейін ол балықтың бұзылып кетпеуі үшін қолданылады екен. Балықшылар осы жобаның арқасында кәсіптері өрге басып жатқандарын айтады.

Еурокомиссия шаруаларды қолдауға қаржы бөледі

Еуропалық комиссия қолайсыз климаттық құбылыстардан зардап шеккен шаруаларды қолдау мақсатында ауылшаруашылық қорынан 77 млн еуро бөлмек. Оған сай, Австрияға 10 млн еуро, Чехияға 15 млн еуро, Польшаға 37 млн еуро және Португалияға 15 млн еуро беріледі. Ауыл шаруашылығы жөніндегі Еуропалық комиссар Януш Войцеховскийдің айтуынша, агаралық секторындағы тұрақтылық азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Естеріңізде болса,  жеміс-жидек пен көкөніс өндіру секторында еңбек ететін ондаған шаруа қожалығы ауа райы қолайсыздығынан қиындыққа тап болған еді.