Жүк тасымалы – жол мәселесін тудырады

Әр елдің заңы басқа. Жүк көліктеріне көп ел қатаң қарайды. Біразы заң жүзінде шектеулер қойып, айыппұлдар белгілеп қойған.

Иә, көлік қозғалысын қадағаламаса болмайды. Өйкені мұның пайдасы мен қатар зиянды тұстары да бар.

АҚШ-та жүк көлігі жолға ақы төлейді

Сол себепті, кей мемлекет олардың қозғалысына ақы төлеттіреді.

Мәселен, АҚШ-та, мұндай төлемдерді арнайы көлік комиссиясы бақылайды. Жыл сайынғы тіркеу ақысы білік саны және көліктің жалпы салмағы секілді факторларға байланысты. Мәселен, алты осьті жартылай тіркеме үшін жылдық төлем 6 334 долларға тең, бұл біздің теңгеге шаққанда 2 миллион 27 мың 126 теңгедей. Ал тоғыз осьті фуралар үшін 15 016 доллар. Яғни екі есе көп. Өйткені, мұндай көліктер отбасылық көлікке қарағанда тас жолды 20 000 есе көп тоздыруы мүмкін. Жалпы, қазірде АҚШ-тағы жүк тасымалының шамамен 70% жүк көлігі арқылы жеткізіледі. Елде 15 миллионнан астам ауыр жүк көлігі бар.

Гретчен Уитмер, Мичиган штатының губернаторы:

- Жүк көлігінің жалпы салмағы емес, жүк көлігінің әрбір білігіне келетін салмақ маңызды. Мичиганда қажет 11 білігі бар 164 000 келі жүк көлігі стандартты 80 000 келі 5 білікті жүк көлігіне қарағанда көп жүк тасиды, бұл федералды шектеу.

Араб елдерінде фураларды камера бақылайды

Ал араб елдерінде жүк көліктерінің салмағы 65 тоннадан аспау керек.

Бұл ереже заң жүзінде биыл ақпаннан бастап күшіне енді. Қазір әмірліктегі бірқатар қалада "ақылды камералар" орнатылған. Бұл жол ережесіне қатысты тәртіпті қадағалайды. Билік осы арқылы, қалыпты норманың сақталуын, сақталмаған жағдайда салынатын әкімшілік айыппұл мөлшерін есептейді. Негізгі мақсат – көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл елдегі 150 мыңнан астам ауыр жүк көлігі мен шетелден келетін жүк көліктеріне қатысты. Ал қауіпсіздік органдары, армия, полиция және азаматтық қорғаныс саласындағы жүк көліктерінің қозғалысына шектеу жоқ. Жалпы, елдің көлік министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір елдегі жүк көліктерінің 28 пайызы 65 тоннадан асады.

Сухейл бен Мұхаммед әл-Мазруи, БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі:

- Әрбір әмірлікте федералды шектеулерден басқа, билік жергілікті қажеттіліктерге сәйкес өз шектеулерін бекіте алады. Яғни, заңда көрсетілген 65 тоннадан аз көрсеткішті белгілей отырып, массаға қосымша шектеулер енгізе алады. Бұл ретте, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек.

Тәжікстанда ауыр көлік көпірді қиратты

Биыл қаңтарда Тәжікстанда 52 тонна тас тиеген жүк көлігі көпірді қиратты.

Көпірдің төзімділігі 40 тонна. Мұндай мысалдар көп. Ал сарапшылар тас жолдың бұзылуына 100 мың жеңіл көлікке қарағанда бір ауыр жүк көлігі жетіп жатыр дейді. Яғни, үлкен техникаға көпір тұрмақ тас жолдың өзі шыдас бермейді. Жалпы Тәжікстанда, ресми дерек бойынша, былтыр жүк көліктерінің апатқа ұшырауынан 10 адам көз жұмған. Оның сыртында, аяқ-қолы сал болып қалғандары да бар. 

Азим Иброхим, Тәжікстан Көлік министрі:

- Шекті межеден асып кеткен жүк көліктері жолдар мен көпірлерді қиратып, жыл сайын мемлекетке миллиондаған доллар шығын әкеліп отыр. Мемлекет бюджеті жыл сайын жүк көліктерінің максималды салмағынан бұзылған автомобиль жолдарымен жүруіне байланысты ондаған миллион сомони жоғалтады. Бірақ айыппұлдарға қарамастан, шамадан тыс жүктемемен әлі күресіп әлекпіз.

Иә, жолды саламыз. Ақшаны төгеміз. Бірақ сол жолдың сапасы ғана емес оның қауіпсіздігі басты назарда болса екен. Себебі бұл жерде адам тағдыры тұр.