Киім қалдықтары қайта өңделеді
Әлемде жыл сайын жеңілөнеркәсіп шикізатының 1 млрд тоннаға жуық қалдығы қоқысқа кетеді.
Тоқыма өндіру мен тұтыну бойынша көш бастап тұрған Қытайда бұл көрсеткіш 26 млн тоннаға жуықтайды. Көршіміз мәселені шешуде қандай бастамаларды қолға алды?
Кейінгі 15 жылда әлем бойынша киім-кешек сатылымы 2 есе өсті. Бірақ оның қызмет ету мерзімі керісінше қысқарған. Бұл туралы британдық экологиялық ұйым мәлімдеді. Олардың сөзінше, тігін индустриясы жершарымызды негізгі ластаушы сала саналады. Себебі киім шикізатын өндіру кезінде ауаға көмірқышқыл газы көп шығарылады. Атақты дизайнер Стелла Маккартни мәселені көпшілік алдында үнемі көтеріп жүр.
Стелла Маккартни, дизайнер:
- Әлемде әр секунд сайын шамамен 500 миллиард долларға тең тоқыма қалдықтары жойылады. Келешекте тұтынушылар мен кәсіпкерлер бұл мәселені тиімді шешудің жолын тауып, қоршаған ортаны қорғауға атсалысады деп ойлаймын.
Қоқысқа тасталған тоқыма қалдықтарының 12%-ы ғана қайта өңделеді. Ал оның тек 1%-ы жаңа киімге айналады. Мысалы әлемдегі ең ірі киім өндіруші әрі тұтынушы Қытайда жыл сайын 23 млн тонна киім қалдығы жарамсыз деп танылып, қоқысқа тасталады.
Чжан На, қайта өңделген киім дүкенінің иесі:
- Киімге құмарлық дұрыс емес. Бұл адамның санасын улайды. Мен жаңа дүниеге қарсы емеспін. Ал қалдықтарды қайта өңдеу қажет деп ойлаймын. Сол арқылы мәселені шешуге болар еді.
Қытайда жаңа киім өндіру үшін қалдықтарды қолдануға заңмен тыйым салынған. Мұнда пластик немесе әйнек қалдықтарынан өңделген тауарлар ұсынатын дүкен көп, бірақ тоқыма өндірісінде қайта өңдеу ісі кенже қалған. Сол себепті өндірушілер үкіметтің заңға қатысты өзгеріс енгізуін сұрап отыр. Чжэцзян провинциясында шикізат қалдықтарын қабылдайтын зауыт жұмыс істейді. Арнайы машиналарда ұсақталған қалдықтар көрші елдерге экспортталады.
Коуэн Тан, мақта өңдеу компаниясының сату жөніндегі директоры:
- Қытай пайдаланылған шикізатты қайта өңдеу бойынша алда болуы керек. Өйткені бізде өндіріс жақсы дамыған, технология мен тұтынушы да бар. Өкініштісі, шикізат қалдықтарын қайта өңдеуге заңмен тыйым салынған.
Қытайда полигондар қоқыстан көз ашпай жатыр. Сол себепті билік 2030 жылға қарай тоқыма бұйымдарының 25%-ын қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Жергілікті даму және реформалар жөніндегі ұлттық комиссия осылай дейді.
Әсия Нұрлыбаева, Жанна Хусаинова, 24.KZ