Париж Олимпиада қонақтарын қабылдауға дайын ба?
Биыл Париж Олимпиадасына 8,5 миллионнан астам адам куәгер болады.
Сатылған билет саны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Ал Франция астанасы қонақтар мен спортшыларды күтуге әзір ме? Ойындарға дайындық қалай жүріп жатыр?
Олимпиаданың басталуына 2 аптадан аз уақыт қалды. Ал Парижде дайындық қызу. Шаһардағы басты нысандар қоршауға алынып, қауіпсіздік күшейтілген. Франция астанасы Олимпиада қонақтары мен спортшыларды 18 шілдеден бастап күтуге сақадай сай.
Августин Нешад, Париждің Марс алаңындағы іс-шаралардың директоры:
- Барлық құрылымдық бөліктегі қауіпсіздік шараларының 95%-і пысықталды. Барлық дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Олимпиаданың бағдарламасы бойынша арнайы кесте құрылды. Барлығы соған сәйкес жұмыс істейтін болады.
Олимпиада қарсаңында шаһарда адам қарасы көбейеді. Қазірдің өзінде Парижде туристер саны артқан. Тұрғындардың болса алдағы дүбірлі додаға көзқарасы әртүрлі. Бірі адамның көбейгенін құптамайтынын айтса, енді бірі: «Олимпиададан пайда көп», – дейді.
Сауалнама:
- Олимпиада қарсаңында қаланың қандай екенін көргіміз келді. 2008 жылы Бейжіңде болдық. Ол кезде жарыстар басталмай тұрғанда туристер аз болған, бірақ кейін келушілер саны тез көбейген еді.
- Өз басым Олимпиада кезінде Парижде қалғым келмейді. Өйткені келушілер көп болады. Сондықтан дайындықты, ойындардың атмосферасын сезіну үшін әдейі ерте келдім.
- Париж әрдайым Париж болып қала береді. Адамдардың көптігі қала кереметін көруге кедергі келтірмейді деп ойлаймын.
Олимпиада ойындары 26 шілдеде басталады. Доданың ашылу салтанаты халықаралық жарыс тарихында тұңғыш рет су үстінде өтеді. Әлемдік сайыста қазақстандық спортшылар да бақ сынайды. Биыл еліміз сегізінші рет қатысқалы отыр.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан.