Чилиде қайыршылар қаптап барады
Әлемде инфляция ырық бермей тұр.
Соның кесірінен жаһанның бірқатар мемлекеті қымбатшылықтың, жұмыссыздықтың ауыртпалығын тартып отыр. Әсіресе даму жағынан кенже қалған мемлекеттерге ауыр соғып отыр. Бұл елдерде инфляцияны тізгіндеу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Қайыршылар қаптап барады
Чилиде қайыршылар қаптап барады. Соңғы 4 жылда Оңтүстік Америкада, экономикасы мығым саналатын елде үй-күйі жоқтар қатары 30%-ке артып кеткен. Ресми мәлімет бойынша бүгінде ел аумағында 21 мыңнан астам адам далада түнеуге мәжбүр. 2020 жылы бұл көрсеткіш 15 мың шамасында болған. Гуманитарлық ұйым өкілдерінің айтуынша, барар жері жоқ жандардың күрт көбеюіне экономикалық рецессия себеп. Соның кесірінен Чилиде баспана мен мигранттар дағдарысы өршіп кеткен. Ел үкіметінің дерегі бойынша 2018 жылы ел ішінде 1,3 миллион босқын болса, биыл олардың саны 1,6 миллионнан асып жығылады.
Аштық пен кедейлік белең алды
Венесуэлада экономикалық дағдарыс күшейген сайын ел арасында аштық пен кедейлік белең алып барады. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы келтірген мәліметке сәйкес мемлекет ашаршылық ауқымы жағынан Оңтүстік Америка елдері арасында екінші тұр. 30 миллионға жуық азаматтың 5 миллионнан астамы тойып тамақ ішпейді. Билік өкілдері даму жағынан кенже қалған елді тығырықтан шығаруға қанша тырысқанымен, әзірге нәтиже жоқ. Соңғы 9 жылда Венесуэланың жалпы ішкі өнімі шамамен 73%-ке қысқарып қалған.
Азық-түлікке шекті баға белгіленді
Куба билігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға белгіледі. Бұдан бөлек, Қаржы министрлігі азық-түлік импорты және оны сатумен айналысатын компанияларды баж салығынан босатты. Аталған шаралардың арқасында ел үкіметі бүкіл халықты тығырыққа тіреген инфляцияны төмендетуді көздейді. Ондаған жылдар бойы ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп келе жатқан Кубада 2021 жылы инфляция деңгейі 70%, 2021-де 39, ал 2022 және 2023 жылдары 30% құрады. Бірақ сарапшылар бұл сан шынайы көрсеткіштен әлдеқайда алыс екенін айтады.
Инфляция төмендеп келеді
Инфляцияның деңгейі кәрі құрлық елдерінің де басты назарында. Өйткені соның кесірінен еуроаймақта тұрғындардың сатып алу қабілеті күрт төмендеп, экономикада мүлдем өсім болмай қалған еді. Бірақ кейінгі айларда инфляция деңгейі біршама төмендей бастағаны байқалады. Маусым айында Еуроаймаққа кіретін 20 мемлекетте ол 2,5% көрсетті. Соған қарамастан Еуропаның орталық банкі әзірге базалық мөлшерлемені азайтуға асығар емес. «Себебі жоғары ставка арқылы инфляцияның өсірмеуге мүмкіндік бар», – дейді мамандар. Десе де базалық мөлшерлемені төмендетпеу жылжымайтын мүлік пен құрылыс секілді несиеге тәуелді салалардың дамуына кері әсер ететіні айтылады.