Өзбекстанның жол құрылысына жаңа әдістер енгізіледі

Өзбекстанда да жолшы мамандардың жеткіліксіздігі өзекті мәселе, деп хабарлайды 24kz.

Осының салдарынан мемлекеттің жол құрылысы саласында заманауи техниканы тізгіндейтін жұмысшылар азайған. Проблема таяуда ел президенті өткізген кеңестке көтеріліп, шешу жолдары талқыланды. Көршіміздің бұл саладағы қам-қарекетін Ташкенттегі тілшіміз Рауан Мыңбаев зерделеп көрді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Өзбекстанның жол құрылысы саласы жаңа әдістер арқылы дамитын болады. Таяуда ел президенті өткізген кеңестен кейін жергілікті ақпарат құралдары осындай хабар таратты. Мәліметке сай, Шавкат Мирзиёев жолшы аталып кеткен мамандық иелерінің тапшылығы мәселесін көтеріп, оларды даярлау жолдарын жетілдіруді тапсырған. Бұл іске жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігі де ескеріліп отыр. Жалпы елдің жол құрылысына бөлінетін қаражат кейінгі 6 жылда 3 есе ұлғайған. Оған 2 мың арнайы техника сатып алынып, 65 мың шақырым жол жөндеуден өтті. Тағы бір ерекшелік, 2 жыл бұрын Өзбекстанда «Менинг йулим», яғни, «Менің жолым» атты республикалық жоба іске қосылып, ауылішілік автокөлік қатынасы жақсарып жатыр. Соңғысының ерекшелігі, мемлекет есебінен бөлінген қаражатқа қай көшені жөндеу керектігісол елдімекен тұрғындарының таңдауы арқылы шешіледі. Былтыр 410 млрд сомға 470 махалляда тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілген. Көршіміздегі мамандар бұл істе әлі де болса сапаның төмендігін алға тартып отыр. Айтуларынша, жаңадан төселген асфальт 2 жылдан кейін жарамсыз күйге еніп жатады. Бұған біріншіден жобалау кезіндегі қателіктер себеп болса, енді бірінде климаттық ерекшеліктердің ескерілмей қалатыны кері әсер етеді. Сондай-ақ құрылысқа тиісті бақылаудың аздығы мен білікті кадрлардың жеткіліксіздігі саладағы жағдайды жақсартуға кедергі болып отыр. Президент өткізген кеңесте айтылғандай, кейінгі буын жастардың арасында жолшы мамандар аз. Сәйкесінше, заманауи техниканы тізгіндейтін кадрлар жоқтың қасы. Сондықтан ел билігі жолдар мен көпірлердің жөндеуге арналған 3 жылдық бағдарламаны әзірлеуге кірісіп кетті. Оның аясында құрылысқа жауапты мекемелердің материалдық-техникалық жарақталуы мен кадрлық әлеуетінің жақсаруына ерекше көңіл бөлінбек. Одан бөлек, автожол саласын кешенді дамытуға арналған Үкіметтің арнайы қаулысы да бекітіледі деп көзделген.

Авторы: Рауан Мыңбаев