Жол саласындағы маман тапшылығы бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе
Жол саласындағы маман тапшылығы бір елді емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе, деп хабарлайды 24kz.
Сондықтан әр мемлекет тығырықтан шығудың жолын өздігінше қарастырып жатыр. Бірқатарына тілшіміз шолу жасап көрді.
АҚШ
Алпауыт мемлекет АҚШ-тың өзінде де бүгінде жол маманы тапшы. Кадрлық дефицит кәдімгідей өзекті мәселеге айналған. Өйткені жолдың құрылысына атсалысатын жұмысшылардың біразы зейнет жасына жетіп қалған. Ал жастар құрылыс саласына баруға құлық танытпайды. Себебі экономика құбылса, саладағы жұмысқа сұраныс азаяды. Соған қарамастан, ел билігі жастарды жол саласына тартуға барынша тырысып бағуда. Атап айтқанда, мектеп пен колледждерде құрылыс саласы кеңінен дәріптеле бастаған. Жұмыс істеп жүріп, білім ала алатындай бағдарламалар іске қосылған. Бұдан бөлек, инновациялық технологиялар оның ішінде роботтар мен автоматтандырылған жүйелер қолданысқа кеңінен енгізіле бастаған.
Германия
Германияда да жол құрылысына қажетті мамандар даярлау ісі осы сипатта өріліп жатыр. Бұл елде кадрлар теориялық білім мен тәжірибені оқу орнында емес, бірден жұмыс орнында алады. Ал сырттан келушілерге визалық режимдер жеңілдетілген. Ал Ұлыбританияда жағдай керісінше. Корольдік Брекситтен шықпалы елге ағылған шетелдік жұмысшылардың санына шектеу қойды. Осыған байланысты Корольдік аумағында кәсіби білім беру бағдарламаларына басымдық беріле бастады. Салада қызмет компаниялар болса, жұмысшыларға жақсы еңбек жағдайын ұсынады.
Қытай
Қытайда да жол және құрылыс саласы мамандарына деген сұраныс өте жоғары. Өйткені инфрақұрылым қарқынды даму үстінде. Әсіресе, көлік-логистика саласында. Бүгінде экономиканың бұл секторы мыңдаған білікті маманды қажет етеді. Бірақ жұмысшылардың бәрі білімді, күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізуге қауқарлы деуге келмейді. Бұған қоса, кейінгі кезде ауылды жерлерден қалаға қоныс аударушылар қатары көбейіп жатқандықтан, кейде кей өңірлерде маман тапшылығы қатты сезіледі. Түйткілді шешу үшін билік өкілдері кәсіби білім беру жүйесін жетілдіріп, құрылыс саласында еңбек ететін мамандарды даярлайтын жаңа оқу орындарын ашып жатыр. Маман тапшылығымен күрес ретінде құрылыс саласына қажетті кей элементтерді 3D принтер арқылы басып шығару технологиясын енгізе бастаған. Автоматтандыру мен роботтандыру жағы тағы бар. Еңбек тиімділігін арттыру мақсатында жобаларда IT шешімдер кеңінен қолданылып келеді.
Жапония
Жапонияда жылдан жылға егде жастағы кісілердің саны көбейіп, туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты жұмыс күші өте өткір мәселенің бірі. Білікті былай тұрсын жолдың құрылысына атсалысатын адам аз. Сондықтан жапон билігі күрделі жұмысты жаңа технологияларға артуға мәжбүр. Сонымен қатар шетелдік мамандарды тартуға мақсатында визалық жеңілдіктер жасалған.