Әлемде жыл сайын 320 мың адам суға кетеді
Жер шарында жыл сайын орта есеппен 320 мың адам шомылу маусымы кезінде суға кетеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл әлемде күтпеген оқыс оқиғалардан болатын өлім-жітімнің үшінші себебі саналады. Әсіресе өмір сүру деңгейі төмен қара құрлықта қауіп жоғары. Ал дамыған АҚШ-тың өзінде тәулігіне ондаған адам суға кетіп, қаза табады.
Судан келер қауіп көп
Кәрі құрлықта жыл сайын 20 мың адам суға батып, қайтыс болады. Өлім көрсеткіші Болгария, Венгрия, Румыния сияқты Еуропаның шығысындағы елдерде жоғары. Мұнда әсіресе 5 пен 14 жас аралығындағы балалар мен 49 жасқа дейін ер азаматтар жиі судың құрбаны болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы директоры осылай дейді. Оның сөзінше, суға бату оқиғаларына қауіпсіздік ережелерін сақтамау, ішімдік тұтынып, суға шомылу сияқты факторлар әсер етеді. Өлім-жітімнің шамамен 26%-і алкогольді ішімдік тұтынумен байланысты.
Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы:
- Суға бату деректеріне жағажайда серфинг тебу, яхта мен байдаркаға құтқару кеудешелерін кимей отыру, қараңғыда шомылу сияқты факторлар әсер етіп отыр. Әсіресе адамдардың жалғыз шомылып жүріп, суға кету деректері көбейді.
АҚШ-та балалардың суға кету дерегі азаймай тұр
АҚШ-та жыл сайын 4 мыңға жуық адам суға кетіп, көз жұмады. Әсіресе 1 мен 4 жастағы балалар арасында жиі тіркеледі. Көбіне нәрестелер үйде бассейн мен ваннада шомылу кезінде тұншығып, өліп кетеді. Ал 5 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектер өзен-көлдерде суға кетеді екен. Былтыр бұл елде 10 мың адам шомылу кезінде ажал құшқан. Тағы бір зерттеу америкалықтардың суға кетуіне олардың тұрмыс жағдайы да әсер ететінін көрсетіп отыр. Мысалы, отбасы табысы төмен жанұялардағы балалар жүзіп үйренуге мүмкіндігі болмай, зардап шегетін көрінеді. Сондықтан елде мәселені шешу үшін балаларды туғаннан бастап жүзуді үйрететін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданған.
Уильям Рамос, қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің доценті:
- Ажал аяқастынан. Ересек болсын, жас болсын, кез келген сәтте суға батып кетуі мүмкін. Америкада, әсіресе 1-4 жас аралығындағы балалар байқаусызда суға кетіп жатады. Мұнан соң жасөспірім ұл балалар мінез-құлқына байланысты осындай жағдайға жиі ұшырайды. Сондықтан жүзуді жақсылап меңгеру қажет.
Әлемдегі жағажайларда акула шабуылы жиіледі
Америкада жағажайларда адамдарға қарсы акула шабуылы жиіледі. Флорида университетінің дерегіне сүйенсек, былтыр 69 адам осы жыртқыштың шабуылына ұшыраған. Оның 10-нан астам жағдайы өліммен аяқталды. Мұндай оқиғалар АҚШ-тан тыс Австралия, Оңтүстік Африка және Жапония елдерінде де жиі тіркелді. Мамандардың сөзінше, акулалар әсіресе адамдарға жиі шомылатын, серфинг немесе сүңгумен айналысатын жағажайларда көп шабады. Мәліметке сәйкес серфингшілер мен спортшылардың 42%-і акула тарапынан зардап шеккен. Арнайы дайындықтан өткен суға сүңгушілер де жыртқыштардың жиі шабуылына ұшырайды екен.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.