Кореяда косметика таңдауға робот көмектеседі

Оңтүстік Кореяда тұтынушыға косметиканы жасанды интеллектке сүйеніп таңдап беретін робот жасап шығарылды.

Тың технология адамның бет әлпетін талдап, қандай косметика алуды және оларды қалай дұрыс пайдалану жөнінен кеңес бере алады. Ақылды машинаның тағы қандай қыр-сыры бар?

Жаңа технология тұтынушыға қандай да болмасын косметика ұсынбас бұрын оның бет-пішінін суретке түсіріп, зерттеп шығады. Жасанды интеллект осы ақпарат негізінде адамға жақсы үйлесетін бояуды таңдап береді. 32 жастағы Сеул тұрғыны Квон ю-Джин, машина көмегімен күтім бойынша кеңес алу әлдеқайда тез дейді.  

Квон Ю-Джин, жергілікті тұрғын:

- Әр адамның терісі, бет пішіні өзгеше болады ғой. Бірақ әдетте адамдар ең көп таралған түсті сатып алуға бейім келеді. Сол себепті кей кездері ол адамның бетіне сәйкес келмей тіпті кейде аллергия тудырады. Сондықтан мына ақылды машина өте тиімді құрал дер едім.   

Жаңа технология теріге арналған кремнің 205 түрін, ерінге арналған опадалаптың 366 түрін ұсынады. Қазірде L'Oréal, Sephora сынды ірі косметикалық компаниялар корейлік ақылды машинаға қызығушылық танытып отыр.

Ян Ён Сук, Электроника және телебайланыс ғылыми орталығының қызметкері:

- Бұл құлтемір тұтынушылардың тері деректерін бағалау үшін жасанды интелектіге негізделген автоматтандырылған машиналық әдісті қолданады. Сонысымен озық. Себебі кәсіби маман қанша жерден білікті болғанымен, қызметтің ауқымы кең. Клиент үшін де өзіне қажетті косметиканы таңдау үшін оншақты сарапшымен ақылдасу көп уақытты алады.

Қазірде тері, бет күтімі бойынша тұрғындар тарапынан сұраныс көп. Жай кеңес алып қоймай, кей жағдайларда диагностикадан өтіп, жеке кеңесшінің қызметіне жүгінеді. Осы ретте жылдам әрі сапалы қызмет көрсету маңызды, дейді сала мамандары. 

Ян Ён Сук, Электроника және телебайланыс ғылыми орталығының  ғылыми қызметкері:

- Егер бұл әдіс екі айда бір рет жаңа косметикалық өнім шығаруға мүмкіндік берсе, мұны әрі қарай дамытып жетілдіре түсу керек деп ойлаймын. Ол тиімділікті арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға септігін тигізер еді деп ойлаймын.

Сарапшылар сұлулық және косметика индустриясында жасанды интеллектіні пайдалану табысты екі есеге арттыруға мүмкіндік береді деп отыр. Егер былтыр оны қолданудан сала кірісі 3,27 миллиард доллар өссе 2028 жылға қарай ол 8,1 миллиард долларға жетуі мүмкін деген болжам бар. 

Фариза Жанғанаева