Қытайдағы жазғы демалыс лагерьлері. LIVE
Қытайда балалардың жазғы демалысына ерекше көңіл бөлінеді.
Әсіресе олардың қауіпсіздігі бірінші орында. Жаз маусымында құзырлы органдар демалыс лагерьлеріндегі тексерісті күшейтеді. Осы арқылы бала денсаулығы мен мекемелердің жұмысы қатаң бақыланады. Қазір Бейжіңнен Руслан Бақытбекұлы тікелей байланыста. Руслан қытайлық балалар демалысты қалай өткізеді? Олардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесі қалай ұйымдастырылады?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайда оқушылардың жазғы демалысы әр провинция мен қалада әртүрлі ұйымдастырылады. Бұл оқу бағдарламасы мен жас ерекшелігіне қарай демалыс 42-ден 56 күнге дейін жоспарланады. Мысалы, Бейжіңде бастауыш мектептерде 8 шілдеден, 31 тамызға дейін жалғасады. Қытайда кейінгі кездері жазғы лагерьге сұраныс күрт артты. Бұл саладағы қаражат айналамы ондаған миллиард юаньға жетіп отыр. Елде бүгінде 48 мың жазғы лагерь болса, оның 80 пайызы кейінгі 5 жылда ашылған. Ел билігі мұны ата-аналардың жұмыс бастылығымен байланыстырады.
Өйткені жұмыстан ата-аналардың балаларына қарайтын бос уақыты болмайды. Әсіресе, Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Шэньжэнь, Сиянь сияқты ірі қалалар да бұл күрделі мәселеге айналған. Бұл шаһарларда ата-аналардың 70 пайыздан астамы балаларын жазғы лагерьге жібергісі келеді. Елде жазғы лагерьлердің жұмысы саяхаттау, спорттық, танымдық, ғылыми деген сияқты әртүрлі бағытта болып келеді. Мәселен, баланың ауылшаруашылығына баулығысы келетін ата-аналар егіс алқаптарындағы демалыс орындарына жібереді. Тіпті салмақ тастауға бағытталған ерекше лагерьлер де бар. Себебі елде балалар арасындағы семіздік үлкен мәселеге айналған. Күні бойы гаджеттер мен компьютер алдында фаст-фут жеп өскен томпақ балалар, осында барып түрлі терапиядан өтеді. Жалпы былтыр Қытайда 6,1 бала жазғы лагерьде демалған. Биыл бұл көрсеткіш екі есе артады деген болжам бар. Дегенмен, жазғы лагерьлер нарығының қарқынды өсуіне байланысты сапа мен қауіпсіздікке қатысты мәселелер туындап отыр. Құзырлы органдар тәртіп пен қаупсіздікпен қамтамасыз ету мақсатында орталықтандырылған тексерістерді күшейткен. Тексеріс қауіпсіздіктен бөлек, тәрбиешілердің біліктілігі, демалыс орындарының сапасы, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталады. Елдегі тағы бір мәселе ішкі жолаушылар қатынауы қиын болып жатыр. Маусым кезінде барлық бағыттағы билеттер алдын ала сатылып кеткен.
Сюй Цин, ҚХР көлік әкімшілігі бөлімі директорының орынбасары:
- Елде 1 шілде мен 31 тамыз аралығында әуе рейстері мен теміржол көліктеріне сұраныс артты. Екі айда 133 миллион әуе рейсі қатынайды деп жоспарланып отыр. Қосымша рейстер тартылады. Ең көп билет Бейжің, Шанхай, Чэнду, Гуанчжоу қалаларына сатылды.
Руслан жазғы демалыс кезінде қанша заңбұзушылық тіркелді? Бұл туралы ақпарат бар ма? Егер балаларға қатысты заңбұзушылық анықталған жағдайда қандай шара қолданылады?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- 2024 жылдың жазғы демалыс маусымында Қытайда бірде бір заңбұзушылық тіркелмеген. Бұл туралы ешқандай ақпарат көздерінде мәлімет жоқ. Ал егер анықталған жағдайда жауапкершілік қатаң. Жергілікті заңнамаға сәйкес деңгейі мен ауырлығына қарай жаза қолданылады. Мәселен, тамаққа улану дерегі тіркелген жағдайда жауапты тұлғалар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ сол оқиға тіркелген мекеме түбегейлі жабылады. Ал егер әдейі улау дерегі дәлелденген жағдайда жауапты тұлғалар өлім жазасына кесіледі.