Кореяда оқушылар демалысы қалай өтеді?
Оңтүстік Кореяда жазғы лагерь деген ұғым жоқ.
Бұл мезгілде балалар ата-аналарымен бірге демалады. Көбіне ел ішіндегі немесе шетелдегі курорттарға барады. Бірақ Оңтүстік Кореяда кеңестік пионер қозғалысына өте ұқсас Скауттық қозғалыс деген бар. Алайда балалар бұл ұйымға аса көп бармайды. Жалпы скауттар жаз айларында саяхаттап, ашық аспан астында шатыр тігіп, сол жерде бірнеше күн түнейді. Онда олар демалып қана қоймай медициналық көмек көрсету сияқты түрлі іске машықтанып, үйренеді. Сондай-ақ қоқысты тазалап, қоршаған ортаны қорғауға атсалысады. Бұдан бөлек Оңтүстік Кореяда ата-аналар жазғы демалыс кезінде балаларын қосымша сабақтарға жібереді. Бұл олардың келесі оқу жылы пәндерді оңай меңгеру үшін жасалады. Жалпы Оңтүстік Кореяда оқушылар жазғы демалысқа шілде айының соңында шығып, тамыз айының аяғына таман қайта оқуға оралады.