Канадада 123 мың үй жарықсыз қалды

Қытайдың солтүстігінде дауыл соғып, жаңбыр құйып, мұның соңы тасқынға ұласты.

Соның кесірінен Шеньси провинциясында жолдар бүлініп, қозғалыс қиындады. Қауіпті аймақтан 2 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды. Қазір апат салдарымен күрес жұмыстары жүріп жатыр. Синоптиктер алдағы күндері жауын-шашын жалғасатынын ескертті. Сол себепті билік солтүстік аймақтарда табиғи апатқа дайындықтың жоғары режимін енгізді.

Иллинойста бөгет жарылып, су тасыды

АҚШ-тың Иллинойс штатында алапат дауыл соғып, торнадо жүріп, мол жауын-шашын түсті. Салдарынан Нешвилл қаласы маңындағы су қоймасының бөгеті жарылып, шаһарды су басып жатыр. Жүздеген адам шұғыл қонысын тастап, қауіпсіз жерге көшірілді. Билік тұрғындарды ескертусіз ешқайда шықпауға кеңес берді.

Канадада 123 мың үй жарықсыз қалды

Канаданың Торонто қаласында да жауын-шашын соңы тасқынға ұласып, электр желісі істен шықты. Соның салдарынан 123 мың үй жарықсыз қалды. Қалада жүріс шектелді. Теміржол желісіне зақым келіп, кей аудандарда пойыз жүрісі тоқтатылды. Сарапшылар, әлемнің көп елінде жауын-шашынның жиілеуін климаттық өзгеріспен байланыстырып отыр.

Сеулде жаңбыр соңы тасқынға ұласты

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде жаңбыр толастамай, сағатына 50 миллиметр жауын түскен. Әсіресе, солтүстіктегі Кёнгидо провинциясы қатты зардап шекті. Талдардың түбі босап, құлап ғимараттар бүлінген. Сарқырап аққан судан көшелерде көлік қоғалысы қиындап, ұзын-сонар кептеліс пайда болған. 

Сербияда сынап бағанасы 40 градусқа жетті

Әлемнің көп елі су тасқынымен күресіп жатса, Сербияда тұрғындар ми қайнатар ыстықтан жапа шегіп жатыр. Мұнда сынап бағанасы 35, кей жерлерде 40 градусқа дейін жеткен. Мамандар күннің қатты ысуына байланысты тұрғындарды аса қажеттілік болмаса тысқа шықпауға шақыруда. 

Әсия Нұрлыбаева