Әлем елдеріндегі жол сапасы туралы баяндама жарияланды

Сапалы жол қауіпсіздік кепілі.

Сондықтан бұл сала БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына енген. Дүниежүзілік экономикалық форум аясында жолдардың сапасы туралы баяндама жарияланды. Құжатта әр елдің жол жағдайына баға берілген.

Сингапурдың озық тәжірибесі

Дүниежүзілік экономикалық форумның автомобиль жолдарының сапасына арналған баяндамада 140-тан аса мемлекеттегі жағдай сараланған. Зерттеуде әр мемлекеттегі жолдардың сапасы ғана емес, көлік апаттарынан кісі өлімі көрсеткіштерінің деңгейі мен шалғайдағы өңірлерде инфрақұрылымның дамуы ескерілген. Нәтижесінде ең үздік деп Сингапур танылып отыр. Алғашқы ондықта Азия елдері көп. Сарапшылар Сингапурдың үздік деп танылуына инновациялар, халықты көлікпен қамтамасыз ету деңгейінің артуы мен қоғамдық көліктің жақсы дамуы әсер еткенін айтады.

Африкадағы жолдардың сапасы сын көтермейді

Ал автомобиль жолдарының сапасы бойынша көш соңындағы елдердің көбі Африкада орналасқан. Ең нашар көрсеткіш құрлықтың орталық бөлігіндегі Чад республикасында. Саяси тұрақсыздық, қуаңшылық пен географиялық орналасуы салдарынан елдің инфрақұрылымы нашар дамыған. Автокөлік жолдарының ұзындығы 33 мың шақырым болса, соның тек 500 шақырымдайы ғана арнайы материалмен төселіп салынған.

Египетте жол-көлік апаты азайды

Ал кезінде жолдары ең нашар елдердің қатарында болған Египет үздік отыздыққа кіріп отыр. Өйткені кейінгі жылдары елде ұлттық жоба аясында инфрақұрылымды жақсарту және жолдардың сапасын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру бойынша біраз ауқымды жұмыс жүргізілген. Ұлттық жобаға сәйкес 7 мың шақырым жол салыну керек еді. Бүгінде соның 6300 шақырымы аяқталған. Мұндай шаралар экономикаға оң әсер етіп қана қоймай, қауіпсіздік саласындағы ахуалдың жақсаруына да септігін тигізді. 2016-жылы көлік апаты салдарынан қайтыс болғандар саны 8 мыңнан асса, былтыр көрсеткіш 6 мыңға дейін төмендеген.

Жұлдыз Атагельдиева