Дания елге туристерді көптеп тартудың тың әдісін іске қосты.

Мұнай мен автоөнідірістен кейінгі кіріс көзі – туризм. Біраз ел осы саланы жандандырып, шаш-етектен пайдаға кенеліп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Мысалға Таиланд 15 шілдеден бастап 93 елмен арада визасыз режим енгізді. Тай еліне біздің қазақстандықтар да 60 күн бойына визасыз саяхаттай алады. Ал, Дания тазалық сақтаған туристерге сыйлық береді. Кей жерлерде тіпті қызмет ақысы тегін.

Дания елге туристерді көптеп тартудың тың әдісін іске қосты. Копенгаген билігі жоба саяхатшылармен бірге жергілікті тұрғындарға да тиімді деп отыр. Оған сай қала көшелерін қоқыстан тазартып, көлік орнына велосипед пен пойызға мінген туристке арнайы сыйлық табысталады. Онымен саяхатшылар мұражайға тегін кіріп, қайықты жалға алу қызметтерін ақысыз пайдалана алады. Бұдан бөлек, дәмханаларда тегін тамақтану жеңілдігіне ие болады. Бастама келушілердің қала тазалығына көп мән беріп, тұрғындармен қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған.

Рикке Холм Петерсон, Wonderful Copenhagen компаниясының байланыс жөніндегі директоры

- 4 аптаға созылатын CopenPay пилоттық жобасы аясында туристер үшін 24 түрлі іс-шара ұсынылып отыр. Олардың әрбіреуі шаһардың экологиясын жақсартуға бағытталған. Қоршаған ортаны қалдықтардан тазартып, іс-шараға белсене қатысқан саяхатшыға арнайы сыйлық табысталады.

 

Таиланд 60 күндік визасыз режим енгізді

Туристер үшін ең танымал аймақтың бірі саналатын Таиланд билігі 93 елдің азаматтарына визалық талапты жеңілдетті. Енді Қытай, Үндістан, АҚШ, БАӘ, Индонезия сияқты тағы басқа да мемлекеттен келгендер тропикалық елде 60 күнге дейін визасыз жүре алады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Тай билігі «визадан босату шарасы туристер үшін саяхатты жеңілдетіп, сапарлаушылардың қарасын арттыруға көмектеседі», - дейді. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері Таиландқа 18 млн-нан астам шетелдік саяхаттаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35% артық. |Жергілікті билік келер жылы олардың санын тағы бірнеше есе арттырып, одан түсетін табысты 7,5% ұлғайтуды көздеп отыр.

 

Валенсияда туристерге шомылуға тыйым салынды

Ал, Испаниядағы Валенсия қаласы биыл туризмнен түсетін табысының біраз бөлігінен айырылуы мүмікін. Себебі, өткен айда Жерорта теңізіне төгілген мұнайдан танымал демалыс аймағы ластанған. Соның кесірінен шаһарда жағажайлар уақытша жабылып, онда шомылуға шектеу қойылды.

Густаво, турист:

- Жағажайға серуендеп, суға шомылуға келген едік. Теңізге төгілген мұнай осында жетіп, жағажайлардың қатты ластанғанын көрдік. Мамандар барлығын қадағалап ешкімді жібермей жатыр.

Пол, турист:

- Жағажайға жақындағанда жедел жәрдем көліктері мен құтқарушылардың жүргенін байқадық. Сол маңдағы полицейлер бізге суға төгілген мұнайдан шомылуға тыйым салынғанын ескертті.

Қазір теңіз жағалауын қара дақтан тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Билік бұл процесс ұзақ уақытқа созылуы мүмкін деп отыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева