Түркия турист санын 60 млн-ға жеткізуді көздейді
Ауыз толтырып айтар дүние баршылық, әрине. Дегенмен, осы туризмді әлдеқайда дамытқан өзге елдермен әзір бәсекеге түсе алмаймыз.
Бұған жазы-қысы Түркия, басқа да елдерге ағылып жатқан отандастыр куә. Енді сол Түркиядан тілшіміз Меруерт Қанағат тікелей қосылғалы тұр. Меруерттен бұл елге Қазақстаннан қанша турист барғанын сұрап көрсек.
Диктор:
- Меруерт хал жақсы ма? Бұл сұрағымызға не дейсіз? Жалпы Түркиядағы туризм мәселесі қалай дамып жатыр?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Мен қазір Түркия туризмінің жүрегі – Анталиядан тікелей байланысқа шығып тұрмын. Ақ теңіз жағалауында сынап бағынасы күнделікті 40 градустан жоғары. Түркияда туризм ең жақсы дамыған сала екені бәріне аян. Былтыр бауырлас ел үшін рекордтық жыл болды. Былтыр түрік елі бұл саладан 54 миллиард доллардан астам табыс тауып, 57 миллион саяхатшы қабылдаған. Биыл бұл көрсеткішті 60 миллионнан асырып, туризмнен түсетін кірісті бірден 60 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр кезеңінде кіріс 11%-ке артып, 16 миллиард долларға жуықтады. Түркияның мұндай жетістікке жетуіне биліктің туристер үшін барлық қолайлы жағдайды жасап, тартымды орта құруға бағытталған стратегиялық саясаты жатыр. Тарихи мұраларға бай әрі үш жағы көгілдір теңізбен қоршалған бірегей географиялық ерекшелікке ие түріктер еліне туристердің қызығушылығы артпаса, ешқашан басылған емес. Туризм арқылы өзінің құндылықтарын әлемге танытуға ұмтылатын Түркия қонақтарға жыл он екі бойы түрлі мүмкіндіктер ұсынады. Мәселен, шілде айынан бастап Ыстамбұлдағы Топкапы сарайы саяхатшыларды түнде де қабылдайды. Бұл жердің бағасы биыл 21 мың теңгеден асқанымен, Османлы сұлтаны сарайы көрем деушілер қарасы көп. Ал, Ақ теңіз жағалауындағы Анталия, Алания секілді қалаларда қонақүйлер лық толы. 24 маусым күні бір күнде қала әуежайына 1 мыңнан аса ұшақ қонып, 200 мыңға жуық турист келген. Бұл қазірге дейінгі ең үлкен көрсеткіш. Қазақстан, Ресей секілді елдер маусым, шілде айын таңдаса, Еуропа халықтары тамыздан кейін саяхаттап келеді. Жанға жайлы демалыстар, мәдени және спорттық іс-шаралар, гастрономиялық фестивальдар мен әр аймақтың өзіне тән асханасы мен керемет табиғаты адамдарға ұмытылмас естеліктер сыйлайды. Анталия әуежайы халықаралық терминалының жолаушылар статистикасына қарағанда, өткен жылдың алғашқы 5 айында 64 мың қазақстандық туристі қабылдаған қала биылғы жылдың осы кезеңінде шамамен 72 мың қазақстандық туристті қабылдады. Бұл статистика былтырмен салыстырғанда қалаға келген қазақстандық туристер саны 12,3%-ке артқанын көрсетіп отыр.
Диктор:
- Түркия тек демалатын жер емес. Сондай- ақ алыс- беріс үшін де тартымды. Ең көп қай елдерден келеді?
Меруерт қанағат, меншікті тілші:
- Иә, сұрағыңыз орынды. Ең көп шоп тур үшін келетіндер – бұл қара жолмен қатынай алатын елдер. Мәселен, Болгария мен Румыния. Бұл елден Едирне қаласына 1 сағатта жетуге болады. Олар үшін доллар мен еуро бағамының жоғары болуы тиімді. Десе де, биылғы көрсеткіш төмендеген. Бұған түрік кәсіпкерлерінің сол елдерде көптен кәсіпорын ашуы себеп. Яғни, қажетті тауарларын көршілес елдер мұнда келмей- ақ көтерме бағамен өз елдерінде қол жеткізе алады. Екінші жағынан жоғарғы инфляция, елдегі тауарлардың бағасын арттырды. Бұл да туристердің алу мүмкіндігін 30-40% қысқартты. Десе де, бірқатар елдер үшін Түркия нарығы әлі де арзан.