Жапондық ғалымдар адамның бет пішініне ұқсас робот жасап шығарды

Жапонияда ғалымдар тірі терінің тінін пайдалана отырып, түрі адамға ұқсас робот жасап шығарды деп хабарлайды 24kz.

Мамандар бетін адам сияқты қозғалтып, қимылдай алатын құлтемірді косметика өндірісі мен медицина саласында қолдануды көздеп отыр.

Токио университетінің ғалымдары тың технологияны жасауға кіріспес бұрын адамның бет терісінің жасушасын өсіріп алған. Ол жасанды машинаның көмегімен арнайы биологиялық зертханада өндірілген. «Адамның бетіне ұқсас мұндай технологияны бұған дейін ешкім құрастырмаған», - дейді жоба авторлары.

Седзи Такеути, Токио университетінің профессоры:

- Әлемде әлі бірде бір ғалым тірі теріні қозғалтудың әдісін ойлап тапқан жоқ. Біз оны зәкірге бекітіп, сынақ жүргізу арқылы қол жеткізідік. Нәтижесінде бетін қимылдатып, күлімсірей алатын робот құрастырып шықтық. Оның беті темірден емес, шын теріден жасалған. Сондықтан мұны адам тәрізді робот жасаудағы алғашқы қадам деуге болады.

Тірі тіннің металл мен пластиктен артықшылығы жер мен көктей. Құлтемірдің бұлшықеттері энергия алмасу қабілетіне ие. Сондай-ақ өзін өзі сауықтыра алады. Енді ғалымдар оған жүйке жүйесі мен қан айналымы қозғалысын енгізіп, косметика және дәрі өндірісінде кәдеге жаратуды жоспарлап отыр.

Седзи Такеути, Токио университетінің профессоры:

- Біздің ағзамыз үш түрлі құрылымнан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән қимыл-қозғалысы бар. Меніңше, біз ойлап тапқан бұл технологияны косметика мен дәрі-дәрмекке сынақ жүргізіп, оның қандай өзгеріске ұшырайтынын бақылау мақсатында қолдануға болады.

Адамның бет пішініне ұқсас бұл робот алыстан оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ келешекте біз оны жетілдіріп, түрін адамнан айнымайтындай етіп өзгертпекпіз. «Содан кейін оны түрлі салада кеңінен қолдануға болар еді», - дейді мамандар.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева