Балқан елдері орман өртімен күресіп жатыр
Балқан елдерінде осымен үшінші апта жайқалып тұрған жасыл желек отқа оранды.
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауда дәрменсіздік танытып отыр. Кәрі құрлықтың кей елдері орман өртін ерте анықтау үшін жасанды интеллект көмегіне жүгіне бастады.
Албанияның таулы аймағында орман өрті дес берер емес. Екі апта өтсе де, қызыл жалын әлі басылған жоқ. Мұндай жағдайға құрғақ ауа райы себеп дейді мамандар. Соның кесірінен тілсіз жау ел астанасына жетіп, қаланың солтүстік-шығыс бөлігін жалмай бастаған. Осыған байланысты аймаққа әскери әуе күштері тартылған. Жалпы, Албанияда орман өрті сирек кездесетін құбылыс емес. Жыл сайын 10 мың гектардай алқап күлге айналады.
Солтүстік Македонияда жасыл желек отқа оранды
Солтүстік Македонияның өрт сөндірушілері де орман өртін ауыздықтай алмай әлек. Бүгінге дейін 17 өрт ошағының тек жетеуі бақылауға алынған. Осыған байланысты ел билігі Еуроодақ пен көрші мемлекеттерден көмек сұрап отыр. Қолда бар мәлімет бойынша Түркия, Черногория, Сербия мен Словения қызыл жалын шарпыған аймаққа әуе техникаларын жіберген. Айта кетейін, ауа райының қолайсыздығына байланысты Солтүстік Македонияда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол ай соңына дейін жалғасады.
Испанияда табиғи апатпен күресте жасанды интеллект қолданылмақ
YOUTUBE.COM/EURONEWS
Еуропа елдері табиғи апаттарға әрекет етудің дәстүрлі әдіс-тәсілдерінен бас тартып, жасанды интеллект көмегіне біртіндеп бет бұра бастады. Мәселен, Испания құтқару қызметі бағдарламашылармен бірге орман өрттерінің алдын алуға арналған нейрожеліні әзірлеуге кіріскен. Соның көмегімен тұтанған өртті бірден анықтап, оның таралу жолдарын болжауға мүмкіндік туады, дейді сала мамандары.
Канадада орман өртін ерте анықтау жүйесі сынақтан өткізілуде
YOUTUBE.COM/GLOBALNEWS
Өз кезегінде Канада орман өртін ерте анықтау жүйесін сынақтан өткізе бастады. Дәлірек айтқанда, мамандар тал басына нейрожелі мен камерасы бар датчиктер орнатқан. Әрқайсысы радиусы 60 шақырым жерді тәулік бойы бақылап, қауіп төнген жағдайда жүйе бірден операторға ескерту жібереді. Айта кетейін, Канада билігінің мұндай жүйеге көшуіне былтырғы орман өрті себеп болған. Ол кезде 28 мың шаршы шақырым жер күлге айналған еді.