Корея электромобиль өртіне қарсы күресті күшейтті
Оңтүстік Кореяда биыл электрмобильдер саны айтарлықтай өсуі мүмкін.
Алайда мұндай көліктердің өртену оқиғалары да жыл өткен сайын жиілеп келеді. Енді ел билігі бұл мәселені қалай реттемек?
Оңтүстік Кореяның Хвасон қаласындағы зауытта болған төтенше жағдайдан кейін электрмобильдердің өрт қауіпсіздігі мәселесі тағы да ең көп талқыланған мәселелердің біріне айналды. Шамамен бір ай бұрын литий батареялары өртеніп 23 адам қайтыс болған болатын. Компания әскери өнеркәсіпке арналған аккумуляторлар шығарады. Бірақ, литий - электр көліктерінің батареяларының негізгі элементі. Олардың тұтануына жол бермеу үшін республика бойынша арнайы шаралар жүргізіле бастады. Парламент депутаттары заңға электрмобильдерді қуаттау бекеттері иелерінің жауапкершілігін сақтандыруды талап ететін түзетулер қабылдауды ұсынды. Оған сәйкес мұндай бекеттерде өрт болған жағдайда көлік иелері өтемақы талап ете алады. Ал Сеул билігі 1402 қалалық электр автобусына арнайы өрт сөндіргіш орнатуды бұйырды. Сондай-ақ литий батареялары тұтанған жағдайда оны сөндіретін құралдар көп қабатты үйлердің жерасты автотұрақтарында пайда болмақ. Өйткені, электр қозғалтқыштары бар көліктер саны айтарлықтай артып келеді.
Ким Гван Сон, Корея өртті зерттеу ассоциациясының президенті:
- Оңтүстік Кореядағы ережеге сәйкес, көп қабатты үй салу кезінде автотұрақтардың 50 пайызы электрмобильдерге арналуы тиіс. Бұл әдетте жерасты тұрағы. Егер өрт болса, электрмобиль тез жанып, өрт көрші көліктерге, содан кейін тұрғындардың пәтерлеріне таралуы мүмкін. Сондықтан электрмобильдерді көше тұрақтарына немесе ғимараттардың шатырына қойған дұрыс.
Өткен жылдың деректері бойынша Оңтүстік Кореяда 544 мыңға жуық электрмобиль тіркелген. 2024 жылдың алғашқы 2 айында ғана олардың саны 4 мыңға ұлғайды. Сондай-ақ жыл сайын электрмобиль өрттерінің саны артып келеді. 2021 жылы 24 оқиға тіркелсе, бір жылдан кейін 44, ал былтыр 72. Оның ішінде 9 өрт көлікті қуаттау кезінде, 27 өрт көлік тұрақта болған кезде орын алған. Бірақ оңтүстіккореялық ірі компаниялар бұл мәселені жартылай шешудің жолын тапқанға ұқсайды. Олар қауіпті литий-ионды аккумуляторларды өндіруден LFP литий-темір фосфатты батареяларын шығаруға көшуде. Мұндай батареялар әлдеқайда қауіпсіз және арзанырақ. Оңтүстік Кореядағы ірі корпорациялардың бірі 2025 жылдан 2030 жылға дейін 590 мың электрмобильге арналған LFP аккумуляторын шығаруды жоспарлап отыр.
Владислав Цой, Ольга Лян