Автокөлік өндірісінде Қытай көш бастап тұр
Былтыр әлемде шамамен 94 млн автокөлік құрастырылды деп хабарлайды 24kz.
Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ке артқан. Көлік өндірісінде үздік үштікті Қытай, Жапония және Германия бастап тұр. Ал тұтынушылар арасында Toyota көліктеріне сұраныс артқан. Бұл көліктің былтырғы сатылымы 9 млн-нан асады. Ал тоқпен жүретін Tesla электромобилінің сатылымы, керісінше, күрт төмендеген.
Автомобиль өндірісінде жетекші ел саналатын Қытай былтыр 26,1 млн көлік өндіріп, екінші жыл қатарынан көш бастады. Бұл әлемдік автомобиль өндірісінің шамамен 33%-ке тең. Көршіміз SAIC, Changan, Dongfeng, Geely және BAIC сияқты көліктерді құрастырып шығарады. Сондай-ақ бұл ел жүк көлігі өндірісінде де мол табысқа кенеліп отыр. Көлік секторындағы қарқынды дамуға мемлекеттік қолдау, сұраныстың артуы мен пандемия кезеңінен кейін экономиканы қалпына келтіру сияқты факторлар әсер етіп отыр.
Қытайда Tesla көлігінің сатылымы төмендеді
Қытайда көлік өндірісі артқанымен, тұрғындар арасында америкалық Tesla электрмобиліне сұраныс төмендеген. Тоқпен жүретін бұл көліктің сатылымы өткен айда 20% азайды. Мамандар мұны Қытай нарығында бәсекелес компаниялардың көбейіп, сұраныстың кемуімен байланыстырады. Tesla көліктері әлем бойынша да нарықта қызығушылығын жоя бастады. Былтырға қарағанда сатылым 10% қысқарған.
Америкада көлік өндірісі 12% артты
Бірақ АҚШ-тың Tesla-дан тыс, Ford, General Motors, Toyota, Stellantis көліктері нарық сөресінен түспей тұр. Америкалық автомобиль өндірушілер былтыр 9,3 млн көлік құрастырып, Қытайдан кейін екінші орынға тұрақтады. Өндіріс алдыңғы жылмен салыстырғанда 12% көп. Елде көлік өндірісі мен сатылымның артуына жұмыссыздықтың азаюы және тұрғындар табысының артуы әсер еткен.
Toyota көліктеріне сұраныс жоғары
Жапония өндіретін Toyota маркалы көліктер төртінші жыл қатарынан сұраныста тұр. Былтыр жапондар 8 млн-нан астам көлік құрастырып, АҚШ-тан кейін үшінші орынға тұрақтады. Өндірістің жартысынан көбі Toyota көліктерінің үлесінде. Елдің негізгі экспорттық нарығы – АҚШ, Қытай, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдері.