Германияда бала құқығы қалай қорғалады?

Балалар қауіпсіздігі Германияда өзекті мәселе болып отыр.

Елдің Федералды статистика басқармасының мәліметінше, қараусыз қалған бүлдіршіндер көбіне жол жиегінде, үй бассейндерінде және ойын алаңдарында оқыс жағдайға тап болады. Ондайда ата-аналар қандай жауапкершілікке тартылады? Мәселенің алдын алу үшін қандай шаралар қабылданған?

Әлемдік бейбітшілік индексі рейтингінде Германия жер шарының ең қауіпсіз 20 елінің қатарында. Алайда балалар қатерден қаншалықты қорғалған? Ата-аналардың жауапкершілігі қандай деңгейде? Алмания азаматтарынан сұрап білдік. 

Сауалнама:

- Германиядағы балалар қауіпсіздігіне көңілім толады. Оларды қорғау мен хал-жағдайын бақылау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі. Югенд-амт деген құзырлы орган бар. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Олқылықтар болып тұрады. Бірақ баланың қауіпсіз өсуіне ата-анасының көрген тәрбиесі әсер етеді.

- Айналамдағы достарым балалы жандар. Өзімнің де 3 балам бар. Қауіпсіздікке өте қатты мән береміз. Кейде тым қорғаштап жіберетін сияқтымыз. 15 жастағы ұлым кешке үйірмеден қайтқанда қатты алаңдап отырамын. Жасөспірім шаққа өткенде ортасының қандай болғаны қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

- Мені әлімжеттік мәселесі мазалайды. Жасы үлкен ер балалардың қасынан өткенде дұрыс қарамай қалсаң, бәле болуы мүмкін. Оларға қарамай өтіп кетуге тырысамын.

- Меніңше, Германия балалар үшін қауіпсіз ел. Мені алаңдататыны жолдағы көліктер мен велосипед жолағындағы апаттар. Қыздарымды велосипед айдауға қараусыз жібере алмаймын. Қазір сол жағы қауіптірек сияқты.

Федералды статистика басқармасының 2021 жылғы есебінде Германияда жасы 15-тен аспаған 11 млн-ға жуық бала бар. Соның 17%-і жеңіл деңгейдегі оқыс жағдайға тап болып, дәрігерге қаралса, 1,4%-і ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. 163-і көз жұмған. Бала қазасына негізгі себептер қатарында көлік қағу, суға батып кету, биіктіктен құлау мен улану сияқты жағдайлар тіркелген. Бұл факторларды Еуропалық балалар қауіпсіздігі альянсы да растап отыр.

Осыған байланысты елдегі заң қатайып, бір ғана 2022 жылы ата-ана құқығынан айыру шешімі қабылданған 15 мыңға жуық сот өткен. Бұл кейстердің деніне ата-ананың балаға дұрыс қарамауы мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауы түрткі болған. Роберт Кох институтының мәліметінше, балаларға қатысты оқыс жағдайлардың 44%-і үйде, 24%-і мектеп пен балабақшада, ала қалғаны ойын алаңдары мен жол жиегінде болған. Осындай олқылықтарға жол берген ата-аналарға Германияда қандай жаза қарастырылған?

  1. Қылмыстық кодекстің 171-бөлімі: Баланы қараусыз қалдыру оның физикалық не психологиялық денсаулығына қауіп төндірсе, ата-ана үш жылға дейін бас бостандығы мен ата-аналық құқығынан айырылады немесе қомақты айыппұл төлейді.
  2. Азаматтық кодекстің 1684-бөлімі: Баланы қараусыз қалдырудың жеңіл жағдайы тіркелсе, ата-ана бақылауға алынып, белгілі бір мерзім бойынша тұрақты кездесулер бекітіледі.
  3. Азаматтық кодекстің 832-бөлімі: Егер бала қадағалаусыз қалдырылғандықтан, мүлікке не жеке тұлғаға зиян келтірілсе, ата-анадан өтемақы талап етіледі.

Десе де «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді» мақсат еткен немістерде балалар мен ата-аналарға арналған оқу тренингтері тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Әсіресе балабақшаларда «Бала мен жол» атты ата-аналар курсы өтеді. Цифрлық платформалар арқылы жолдағы қауіпсіздікті түсіндіру, бүлдіршіндерге қызықты комикстерді пайдалану және мектепке жетудің жол картасын сызып беру қызметтері ұсынылады. Осылайша, қатал заң мен оқыс оқиғаның алдын алу бойынша түрлі тәсілдер неміс балаларының қауіпсіз ортада тәуелсіз өсуіне септігін тигізеді.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан.